Мемлекеттік қызметтің меритократия қағидаты мемлекеттік қызметшінің біліміне, қабілетіне және адал еңбегіне қарай лайықты түрде мойындауды білдіреді.
Мемлекеттік қызмет жүйесінде үміткерлердің әлеуеті тек кәсіби біліктілігі және жеке қасиеттерімен ғана емес, жұмысының нәтижеге бағдарлана отырып, қоғамға қаншалықты тиімді қызмет атқаратындығымен өлшенеді.
Меритократия – маңызды шешімдер қабылдауда кәсіби мамандардың басқаруымен елдің экономикасы дамып, әлеуметтік мәселелер тиімді шешілетін бәсекеге қабілеттілік болып табылады.
Мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидаты талантты азаматтардың әлеуетін халық игілігі үшін пайдалануға мүмкіндік береді.
Осы орайда, Түркістан облысы бойынша соңғы жылдарда мансаптық ілгерілеу көрсеткішінің жыл сайын артып келе жатқандығын атап өтуге болады.
Мәселен, 2023 жылы аталған көрсеткіш 60,6% құраса, 2024 жылы – 66,4%, 2025 жылы - 69% құрады, яғни ішкі конкурстар нәтижесінде тағайындалғандардың басым бөлігі жоғары лауазымдарға тағайындалып, мансабында ілгерілетілген.
Меритократияның тағы бір айғағы ретінде мемлекеттік қызметшінің қызметін бағалаудың нәтижелері бойынша жоғары лауазымдарға тағайындау тетіктерін атап өтуге болады.
Бұл ретте, мемлекеттік қызметші төрт тоқсан қатарынан ең жоғары бағаланған жағдайда, сол мемлекеттік органдағы жоғары тұрған лауазымға конкурстық іріктеусіз тағайындала алады.
Өңірімізде бұл тәсіл өз қолдауын тауып, мемлекеттік қызметшілер лайықты түрде тағайындалуда.
Бұл дегеніміз, мемлекеттік органның өз қызметшілері әлеуеті есебінен мемлекеттік қызметтегі кәсібилікке қол жеткізуге мүмкіндіктер барын байқатады.
Аталмыш қағидат озық шетелдік тәжірибеде қолданылуымен өзінің өміршеңдігін, сондай-ақ, кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы маңызды бір институт екенін мойындатады.
Қазіргі HR-процестерді басқару және цифрландыру жағдайында меритократия мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру мен мемлекеттік қызметте тұрақтандыруда ерекше рөл атқарады, осылайша, кәсіби тұрғыдан құлдыраудың алдын алатын бірден-бір тәсіл болып табылады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бас маманы Г. Зейнулла
Меритократия – кадрлық тұрақтылық кепілі

