Business.enbek.kz порталында 24 маусымнан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттардың бірінші легіне өтінім қабылдау басталады

Business.enbek.kz порталында 24 маусымнан бастап жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттардың бірінші легіне өтінім қабылдау басталады
Халықтың әлеуметтік осал санаттары арасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінім қабылдау жүргізіледі, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішті немесе 1 730 000 теңгені құрайды. Мемлекеттік қолдау қайтарымсыз негізде көрсетіліп, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа табыс көздерін қалыптастыруға және азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған.

Грант бір рет қана беріледі және оны әр азамат тек бір мәрте ала алады.

Конкурсқа жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуден өткеніне бір жылдан аспаған жеке кәсіпкерлер қатыса алады.

Бұл ретте үміткерлер келесі әлеуметтік санаттардың біріне жатуы тиіс: мүгедектігі бар адамдар; қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар азаматтар; өңіраралық қоныс аударушылар; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар; көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны алушылар және (немесе) олардың жұбайлары; мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған тұлғалар және (немесе) олардың жұбайлары; асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар.

Конкурсқа қатысудың міндетті талаптарының бірі – өтінім берген күнге дейінгі соңғы үш жыл ішінде алынған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту сертификатының болуы.

Үміткерлерді іріктеуді ұсынылған бизнес-жобалар негізінде конкурстық комиссиялар жүзеге асырады. Өтінімдерді қарау барысында бизнес-идеяның өміршеңдігі мен даму перспективасы, жобаның қаржылық негізділігі және жаңа жұмыс орындарын құру әлеуеті бағаланады.

Өтінім беру толықтай электрондық форматта Business.enbek.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Қатысу үшін порталға тіркеліп, өтінім нысанын толтыру, бизнес-жоспарды жүктеу және құжаттарға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қою қажет.

Өтінім беру тәртібі бойынша толық нұсқаулықпен мына сілтеме арқылы танысуға болады: https://youtu.be/B0RVybVe4Ig?si=5rJcTsq7JF8e0W-T

Өтінім қабылдау 2026 жылғы 8 шілдені қоса алғанға дейін жалғасады.

Бірінші лек аясында Ақтөбе және Қызылорда облыстарынан басқа барлық өңірлерде 3 764 грант беру жоспарланған. Жалпы 2026 жылы халықтың әлеуметтік осал топтарына 9 мың грант беру көзделіп отыр.

Грант қаражаты мақсатты түрде беріледі және оны құрал-саймандар, еңбек құралдары, технологиялық жабдықтар, ауыл шаруашылығы жануарлары, мал мен құс, сондай-ақ көшеттер, бұталар, тұқымдар мен көшет материалдарын сатып алуға жұмсауға болады.

Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін қажетті үй-жайларды жалға алу шығындарын төлеуге де грант қаражатын пайдалануға рұқсат етіледі.

Бұл ретте грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Атап айтқанда, грант есебінен несиелер мен қарыздарды өтеуге, тұрғын үй сатып алуға немесе салуға, жер телімдерін алуға, шетел валютасын, бағалы қағаздарды және цифрлық активтерді сатып алуға, сондай-ақ акцизделетін өнім өндіруге және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға болмайды.

Мемлекеттік гранттар – кәсіпкерлік жолын енді бастаған азаматтарды қолдаудың тиімді құралдарының бірі. Ол азаматтарға өз бизнес-идеяларын жүзеге асыруға, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға және өңір экономикасының дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Халықтың әлеуметтік осал санаттары арасында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау мақсатында 2026 жылғы 24 маусым мен 8 шілде аралығында Business.enbek.kz порталында жаңа...

Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған қаржыландыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Өтінімдерді қабылдау 2025 жылғы 1 қазанда Мемлекет...

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-америка ынтымақтастығының жоғары деңгейін атап өтіп, Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық...