Президент халықаралық ұйымдар және жетекші шетелдік университеттер басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты

Президент халықаралық ұйымдар және жетекші шетелдік университеттер басшыларымен өткен дөңгелек үстелге қатысты

Мемлекет басшысы бұл жиын серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті, деп хабарлайды No-comment.kz – Ақордаға сілтеме жасап.

– Бүгінде мұның маңызы арта түсті. Қазіргі геосаяси шиеленіс білім мен технология салаларына да әсер етіп отыр. Ғылыми ынтымақтастық қауіпсіздік тұрғысынан қарастырыла бастады. Озық жетістіктерді ортақ игілік емес, бәсекелестік құралы ретінде қабылдау жиіледі. Бұған білім мен технология дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналған кезеңде куә болып отырмыз. Жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетикалық және биотехнологиялар экономиканы, еңбек нарығын, сондай-ақ білім беру жүйесін өзгертіп жатыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент білімнің жаңа бағыттарын игеруге, білікті маман даярлауға және ғылыми идеяларды технологияға айналдыруға қабілетті елдер ғана табысқа жете алатынына назар аударды.

– Біз елімізді халықаралық қоғамдастықтың жауапты мүшесі әрі түрлі өңірлерді байланыстыратын көпір ретінде таныта алдық. Адам капиталын дамыту, білім-ғылымды және инновацияны ілгерілету – ұлттық стратегиямыздың негізгі бағыттары. Тағы да атап өткім келеді, бұл басымдықтар еліміздің тарихында алғаш рет Конституциямызда мемлекеттің стратегиялық мақсаттары ретінде бекітілді. Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауымда технологиялық жаңаруды жеделдету, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ азаматтарымызды жаңа цифрлық экономикаға бейімдеу қажеттігіне баса мән бердім. Бұл мақсатқа қол жеткізу жекелеген бастамаларды емес, керісінше мемлекеттің, университеттер мен бизнестің дәйекті әрі үйлесімді әрекет етуін талап етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтарымен әріптестік орнатуға қашанда дайын екенін айтты.

– Өздеріңіз көріп отырғандай, жұмыстың бастапқы кезеңі аяқталды. Қажетті инфрақұрылым жасалды, серіктестік келісімдер ресми түрде ресімделді және көп ұзамай шетелдік университеттердің филиалдары жұмысқа толық кіріседі. Ендігі қадам – экономикамызға қажетті бірлескен зерттеулер жүргізу, жаңа технологиялар әзірлеу және нақты шешімдер енгізу арқылы ынтымақтастығымыздың мазмұнын байыту, – деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы ықпалдастықтың басым бағыттарына тоқталды.

– Әуелгі кезекте – су қауіпсіздігі. Бұл – Орталық Азия үшін экономикалық және әлеуметтік тұрақтылық мәселесі. Тіпті мұны тіршілік үшін күрес мәселесі дер едім. Трансшекаралық өзендерді басқару, заманауи мониторинг жүйесін құру, су үнемдеу технологияларын енгізу және ғылыми тұрғыдан негізделген су дипломатиясын дамыту түрлі елдердің сарапшылық әлеуетін біріктіруді қажет етеді. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің тәжірибесі мен мүмкіндіктеріне арқа сүйейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізді жан-жақты трансформациялауға қажетті білікті маман даярлау ісін екінші өзекті бағыт ретінде атады.

– Қазақстан «Халықтық құрылыс» бастамасын іске асыруға кірісті. Бұл жай ғана жекелеген нысандардың құрылысы емес. Оның аясында энергетикадан, соның ішінде атом қуатынан бастап көлік, су шаруашылығы және цифрлық нысандарды қамтитын ұлттық инфрақұрылымды жаппай жаңғырту үдерісі жүзеге асырылады. Осы жалпыұлттық бастаманың негізгі қағидаты өте қарапайым: «Құрылыс және тағы да құрылыс». Әсілі, бұл – біздің жаңа жасанды интеллект дәуіріндегі сын-қатерлерге беретін жауабымыз. Бұрын-соңды болмаған ауқымды міндетті іске асыру үшін инженерлердің, техникалық мамандар мен зерттеушілердің жаңа буынын даярлау керек. Серіктестерімізді аталған басым бағыттар бойынша кадр даярлау және қолданбалы зерттеулер жүргізу ісіне атсалысуға шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні білім мен ғылым саласына кіріктіру қажет деп санайды. Президенттің пікірінше, ЖИ-ді қолданысқа енгізу қарапайым бағдарлама сатып алумен шектелмеуге тиіс.

– Заманауи оқу бағдарламаларын, оқытушылар құрамын даярлау керек. Сонымен қатар сенімді цифрлық инфрақұрылым құруға және жасанды интеллектіні жауапкершілікпен пайдаланудың нақты қағидаттарын әзірлеуге мән берген жөн. Ықпалдастығымызды одан әрі өрбітуге не кедергі болып тұрғанын ашық айтыңыздар. Қаржылық шектеулер, әкімшілік рәсімдер ортақ жұмысымызға қалай әсер етеді? Академиялық ұтқырлыққа қаншалықты кедергі келтіріліп отыр? Ондай келеңсіздіктерді анықтап, жою қажет. Таяу арада қандай жобаны іске қоса аламыз? Тараптар қандай міндеттемелер алуға дайын? Нақты шешімдер қабылдауға түрткі болатын мазмұнды пікірталас өрбиді деп ойлаймын, – деді ол.

Мемлекет басшысы бүгінгі пікірталас ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашып, нақты іске ұласатынына сенім білдірді.

– Ең алдымен біз нақты инфрақұрылым қалыптастырамыз, яғни университеттерге қажетті кампустар саламыз. Мәскеу халықаралық қатынастар институтын, сондай-ақ Кардифф университетін өте жақсы мысал ретінде атап өттік. Келесі жылы Астанада бірқатар кампусты іске қосамыз. Аталған жұмыс жалғаса беруге тиіс. Өйткені бұл – біз үшін аса маңызды басымдық. Елордада немесе еліміздің басқа өңірінде филиалын ашқысы келетін кез келген университетке қолдау көрсетуге әзірмін. Форум мінберінде айтқанымдай, біз Қазақстанда сарапшылар әлеуеті, білім мен тәжірибе шоғырланғанын қалаймыз. Соған мүдделіміз. Сол себепті ғылым, білім мен жоғары технологиялар біз үшін өте өзекті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дөңгелек үстел барысында Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының ректоры Анатолий Торкунов, Солтүстік Қытай су ресурстары және электр энергетикасы университетінің президенті Лю Цзюньго, Кардифф университетінің президенті Ларнер Венди, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Ынджу, Үрімжі кәсіби университетінің президенті Гэ Чэнгуан, Анхальт университетінің президенті Йорг Багдан, Гази университетінің ректоры Угур Унал және Ұлттық ядролық зерттеу университетінің ректоры Владимир Шевченко сөз сөйледі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Түркістан қаласында шағын және орта өндірістердің тұрақты жұмыс істеуі тек дайын өнім шығарумен шектелмейді. Кәсіпорындардың күнделікті қызметінде...

Мемлекет басшысы бұл жиын серіктестікті жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін атап өтті, деп хабарлайды No-comment.kz – Ақордаға сілтеме...