ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үрімшіде XI «Қытай – Еуразия» көрмесі шеңберінде өткен «Қытайға экспорт: Қазақстан» арнайы сессиясында сөз сөйледі, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
«Ортақ үлкен нарық – Қытайға экспорт» бастамасын алғаш рет ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьер-министрі Ли Цян 2025 жылғы қарашада Қытайдың VIII халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) ұсынды. 2026 жылы Қазақстан Ұлыбритания, Испания, Кения және Таиландпен қатар осы бастама шеңберінде жеке ұлттық сессия алды.
Іс-шараны ашқан Серік Жұманғарин Қытай тарапына арнайы сессияны ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, екі мемлекет басшысының өзара сауданы одан әрі арттыру туралы уағдаластығын іске асырудағы маңызды нақты қадам екенін және Қазақстан мен Қытай арасындағы Қазақстан-Қытай стратегиялық әріптестігінің жоғары деңгейін айқын көрсететінін атап өтті.
Вице-премьер Қытай импорттаушыларымен, сауда желілерімен, жетекші маркетплейстермен және логистикалық операторлармен тікелей байланыстарды қамтамасыз ете отырып, қазақстандық өндірушілер үшін қосымша мүмкіндіктер ашатын ҚХР коммерция министрлігінің «Қытайға экспорт» бастамасының ерекше маңыздылығын атап өтті.
Өз кезегінде, Қазақстан Үкіметі сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда: көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғыртып, шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарын дамытады. Халықаралық көлік дәліздерінің өткізу қабілетін дәйекті түрде арттырады.
Сессия барысында Абай облысының әкімі Берік Уәли де сөз сөйлеп, өңірдің Қытаймен ынтымақтастықты дамытудағы стратегиялық маңызын атап өтті.
Сапар шеңберінде Серік Жұманғарин «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның Үрімші қаласындағы өкілдігінің қызметімен танысты. Ол қытай нарығына шығу кезінде қазақстандық компанияларға кешенді қолдау көрсетеді.
Іске асқан нәтиженің бірі 1000-нан астам дүкенді біріктіретін «8:30» ШҰАА ірі сауда желілерінің бірімен уағдаластықтар болды. Sun Planet, Delis және Run Planet қазақстандық брендтерінің өнімдерін желінің 200-300 сауда нүктелерінде пилоттық форматта орналастыру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
Өкілдіктің көмегімен қытай нарығында «Алан және Компания» және Baysan Group компанияларының өнімдерін жылжыту туралы келісімдерге қол қойылды. Бұдан басқа, көлемі 20 тонна қазақстандық тауарларды Қытайға алғашқы пилоттық жеткізуді сүйемелдеу қамтамасыз етілді. Оған «Сұлтан» макароны, «Пиала» шайы, RG Brands шырындары және кондитерлік өнімдер кірді.

