AI Opportunity Partnership серіктес елдердің жасанды интеллектті дамытуға қатысты ортақ тәсілдерін бекітеді. Оған инновациялық реттеу, кәсіпкерлер мен стартаптарға қолдау көрсету, ғылыми-зерттеу және R&D тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту, жеке инвестицияларды тарту, есептеу инфрақұрылымына қолжетімділікті кеңейту және сенімді AI-экожүйелерін құру кіреді.
Құжатта жасанды интеллекттің физикалық негізіне яғни маңызды минералдар, энергетика, деректер орталықтары, есептеу қуаттары, жартылай өткізгіштер, инженерлік кадрлар және тұрақты жеткізу тізбегіне ерекше назар аударылған.
Қазақстан үшін бұл серіктестікке қатысу AI-инфрақұрылымына инвестиция тарту, маңызды минералдарды өңдеуді дамыту, инженерлік және AI-кадрларын даярлау, бірлескен зерттеу жобаларын іске қосу және еліміздің жаңа технологиялық экономикадағы рөлін күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.
Ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі - жасанды интеллект негізіндегі инновациялық шешімдерді әзірлеу мен енгізуге қосымша мүмкіндіктер ашатын, ашық және жабық үлгідегі озық AI-модельдерге қолжетімділікті кеңейту болмақ.
AI Opportunity Partnership-ке қосылуы Қазақстанның өз AI-инфрақұрылымын, технологиялық кәсіпкерлікті және маңызды технологиялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытына толық сәйкес келеді.

