Солтүстік Қазақстан облысында жаңғыртудан кейін кезекті теміржол вокзалы ашылды

Солтүстік Қазақстан облысында жаңғыртудан кейін кезекті теміржол вокзалы ашылды

Тайынша қаласында жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жаңартылған нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту бағдарламасы аясында пайдалануға берілді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Тайынша теміржол вокзалы – Солтүстік Қазақстан облысындағы маңызды көлік нысандарының бірі. Ол еліміздің басқа аймақтарымен жолаушылар қатынасын қамтамасыз етеді. Жобаны іске асыру нәтижесінде жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы артып, вокзалда жайлы әрі заманауи жағдай жасалды.

Жаңғырту нәтижесінде ғимараттың жалпы ауданы 375 шаршы метрден 580 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері, инженерлік желілер, жылу, сумен жабдықтау және электрмен қамту жүйелері толық жаңартылды. Заманауи күту залдары жабдықталып, навигация жүйесі жетілдірілді, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасалды.

Тайынша вокзалының ашылуымен Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы толық аяқталды. Жоба аясында Тайынша, Жаңаесіл және Саумалкөл теміржол вокзалдары жаңартылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ