Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті

Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңір тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеу, теміржол желілері мен вокзалдарды жаңғырту, жолаушылар вагондары паркін жаңарту, салмақ-габариттік бақылаудың автоматтандырылған жүйелерінің жұмыс істеуі, көпір құрылыстарын салу және жөндеу мәселелері бойынша ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді.

Атап айтқанда, М-36 «Екатеринбург – Алматы» республикалық автомобиль жолының Ақмола облысының шекарасынан Рузаевка ауылына дейінгі және Тоқсан би ауылынан Қостанай облысының шекарасына дейінгі учаскелерін жөндеу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар Нежинка мен Бірлік ауылдарының арасындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы және Тоқсан би ауылындағы көпірді күрделі жөндеу мәселелері қаралды.

Кездесудің жеке бір бөлігі теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналды. Өңір тұрғындарын теміржол инфрақұрылымын жаңғырту перспективалары, Петропавл – Астана – Алматы бағыты бойынша жоғары жылдамдықты жолаушылар пойыздарын іске қосу мүмкіндігі, теміржол вокзалдары мен жолаушылар платформаларын реконструкциялау мерзімдері, Солтүстік Қазақстан облысын еліміздің өзге өңірлерімен байланыстыратын бағыттардағы жылжымалы құрамды жаңарту мәселелері қызықтырды. Бұдан бөлек, Бірыңғай көлік құжаттарын басқару жүйесіне, сондай-ақ облыстағы автокөліктерді техникалық байқаудан өткізетін жылжымалы пункттердің санын арттыруға қатысты мәселелер көтерілді.

Вице-министр келіп түскен барлық өтініштер Көлік министрлігінің бейінді құрылымдық бөлімшелері тарапынан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жан-жақты қаралатынын атап өтті. Көтерілген барлық мәселелер бойынша тұрғындарға толыққанды түсіндірмелер мен ұсынымдар берілді.

Жұмыс сапары барысында Жәнібек Тайжанов «Kazmeal» және «Новоишимский мелькомбинат» кәсіпорындарында болып, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған дайын жем өндірісімен, астықты қайта өңдеу, ұн және құрама жем өндіру жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ кәсіпорын басшыларымен өндірісті кеңейту үшін қажетті көлік-логистикалық қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.     

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ