3 шілде күні Alem.AI халықаралық орталығында Astana Innovations Accelerator бағдарламасының үшінші легінің Opening Day іс-шарасы өтті. Бағдарлама AI (ЖИ) және технологиялық стартаптарға идея мен пилоттық кезеңнен елорданың қалалық инфрақұрылымында нақты қолдануға дейінгі жолдан өтуге қолдау көрсетеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.
Биыл бағдарламаға қызығушылық екі еседен астам артты. Түскен 350 өтінімнің ішінен жасанды интеллект, Smart City және цифрлық технологиялар негізіндегі шешімдерді ұсынған 29 стартап іріктелді. Олардың жобалары қалалық өмірдің негізгі бағыттарын қамтиды: көлік және мобильділік, қоғамдық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім беру, экология, туризм, қалалық инфрақұрылым, бизнеске арналған сервистер және ассистивтік технологиялар.
Astana Innovations Accelerator жасанды интеллектті қалалық ортаға іс жүзінде енгізудің маңызды құралдарының біріне айналуда. Бағдарлама аясында стартаптар өз шешімдерін нақты қалалық міндеттерде сынақтан өткізуге, сарапшылармен, қалалық қызметтермен, әлеуетті тапсырыс берушілермен және инвесторлармен жұмыс істеуге, сондай-ақ өнімдерін одан әрі ауқымдауға дайындауға мүмкіндік алады.
«Бүгінде елдер арасындағы бәсекелестік барған сайын өз технологияларын әзірлеу және оларды экономиканың негізгі салаларына жедел енгізу қабілетіне тәуелді болып келеді. Сондықтан біз үшін AI-инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар қуатты технологиялық компанияларды қалыптастыру да аса маңызды. Astana Innovations Accelerator идеядан бастап нақты іске енгізуге дейінгі жолды қысқартып, қазақстандық әзірлемелердің экономиканың ажырамас бөлігіне айналуына әрі жаһандық нарықта табысты бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік береді», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.
Opening Day іс-шарасы мемлекеттік органдардың, технологиялық компаниялардың, стартап қауымдастығының және Қазақстанның инновациялық экожүйесінің өкілдерін бір алаңға жинады. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев және Presight AI Kazakhstan өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев қатысты.
«Бүгінде қала үшін инновацияларды қолдау ғана емес, озық технологиялық шешімдерді нақты нәтижеге дейін жеткізу маңызды. Біз әзірлейтін, қолдайтын және енгізетін барлық жобалар бір мақсатқа бағытталған – тұрғындардың нақты сұраныстарына жауап беріп, қалалық ортаны барынша қолайлы, қауіпсіз әрі заманауи ету. Astana Innovations Accelerator AI-стартаптардың әлеуетін елорданың нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді», – деді Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов.
Үшінші лекке қатысушылар акселерациялық бағдарламадан өтіп, сараптамалық сүйемелдеуге, білім беру тректеріне, қалалық инфрақұрылым базасында өз шешімдерін сынақтан өткізу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар олар өз жобаларын әлеуетті тұтынушылар мен инвесторларға таныстырады.
Presight AI компаниясының Қазақстан және Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Мақсат Қошымбаев әлемнің түкпір-түкпірінен әлеуетті AI-шешімдерді іздеуге және ауқымдауға бағытталған Presight AI Accelerator жаһандық бағдарламасын таныстырды. Бағдарламаның екінші легіне 62 елден түскен 376 өтінімнің ішінен іріктелген 12 AI-компания енді. Олардың қатарында қазақстандық TrustExam компаниясы да бар. Бұл отандық AI-экожүйесінің жоғары әлеуетін және қазақстандық әзірлемелердің халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін айғақтайды.
«Presight үшін стартаптарды қолдау және AI-экожүйесін дамыту – стратегиялық басымдықтардың бірі. Astana Innovations Accelerator қатысушылары Presight-тің халықаралық сараптамасына қол жеткізіп, біздің жаһандық акселераторымыздың үміткерлер пулының құрамына ене алатынына қуаныштымыз. AI-экожүйесін дамытуда Presight-тің R&D Lab зертханасы да маңызды рөл атқарады. Бұл – озық AI-шешімдерді әзірлеуге, сынақтан өткізуге және пилоттық іске асыруға арналған алаң», – деді Мақсат Қошымбаев.
Биыл бағдарлама практикалық бағытты күшейтіп, AI және технологиялық шешімдерді пилоттық кезеңнен қалалық ортаға нақты енгізуге басымдық береді. Үздік жобалар Қытай, АҚШ және БАӘ-дегі серіктес акселерациялық бағдарламаларға қатысу мүмкіндігіне ие болып, жаңа нарықтарға шығуға, халықаралық сарапшылармен жұмыс істеуге, инвесторлармен байланыс орнатуға және жаһандық технологиялық экожүйелерге қол жеткізе алады.
Бағдарлама Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және «Astana Innovations» АҚ бірлесіп жүзеге асырады. Серіктестері – Silkroad Innovation Hub, Presight AI Kazakhstan және Khan Tengri Innovation Hub.
Іріктеуден өткен стартаптар қатарында:
QOLDAM – тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы берешекті өндіріп алуды автоматтандыруға арналған цифрлық платформа.
Seer Labs (Seer City) – қалалық инфрақұрылымдағы апаттарды болжауға және тәуекелдерді анықтауға арналған AI-платформа.
ZhanCare.AI – пациенттің жолын және медициналық сервистерді цифрландыруға арналған AI-платформа.
JINAQ – оқушыларға кәсіптік бағдар беру және адами капиталды дамытуға арналған AI-платформа.
EpiQ AI – медициналық ұйымдардың шығыс материалдары мен реагенттерге қажеттілігін болжау жүйесі.
Neuralese – жасанды интеллект бойынша тәжірибелік оқытуға арналған білім беру платформасы.
SkillPass – еңбекті қорғау, өрт қауіпсіздігі және өндірістік комплаенсті автоматтандыруға арналған AI-платформа.
RIVIXI Enterprise – коммуналдық құбыр желілеріндегі апаттарды мониторингтеу және болжауға арналған AI-платформа.
Tengri Adaptive Gateway – қалалық инфрақұрылымдағы деректер ағындарын қорғау және оңтайландыруға арналған интеллектуалды жүйе.
OnayOQU – оқушыларға арналған дербестендірілген оқыту AI-платформасы.
ParkKing – нақты уақыт режимінде бос автотұрақ орындарын іздеу сервисі.
Tanu.AI – мамандық таңдауға және білім беру мен мансаптық траекторияны қалыптастыруға арналған AI-платформа.
EZPECS – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сүйемелдеуге арналған цифрлық жүйе.
UNEET – қалалық жұмыстар мен мердігерлік тапсырмалардың орындалуын цифрлық бақылау платформасы.
AIQALAM – оқушылардың жазбаша жұмыстарын автоматты түрде тексеруге арналған AI-платформа.
APRIL HUB – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтауға арналған платформа.
Astana Dynamics – қалалық инфрақұрылымды патрульдеу және мониторинг жүргізуге арналған роботтандырылған платформа.
eFerma – қалалық жәрмеңкелерге арналған фермерлік өнімдерге алдын ала тапсырыс беру цифрлық платформасы.
Qurylys Vision – құрылыс барысын мониторингтеуге және құрылыс жұмыстарының орындалуын бақылауға арналған AI-жүйе.
NeuroWatch AI – қауіпті және төтенше жағдайларды автоматты түрде анықтауға арналған бейнеталдау жүйесі.
PaaS REZVO – бизнесті автоматтандыруға, брондау жүйесіне және CRM-ге арналған бұлтты платформа.
DPSY – психикалық денсаулықты мониторингтеуге және психологиялық тәуекелдерді ерте анықтауға арналған AI-платформа.
OpenSpot – автотұрақ кеңістігін басқаруға арналған интеллектуалды IoT-платформа.
RouteX – жүк тасымалы мен логистиканы басқаруға арналған цифрлық платформа.
Úmit – мүгедектер арбасын және цифрлық құрылғыларды қолдың көмегінсіз басқаруға арналған ассистивтік құрылғы.
Welcome Platform – туризм саласын талдау және басқаруға арналған цифрлық платформа.
TrafficData – көлік ағындарын талдау және жол инфрақұрылымын цифрландыру платформасы.


