Ішкі істер министрлігінде кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел қызмет қорытындыcы шығарылып, алдағы кезеңге негізгі міндеттер айқындалды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Отырысты ашқан Ішкі істер министрі Ержан Саденов 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін, онда "Заң мен Тәртіп" қағидаты конституциялық деңгейде бекітілгенін атап өтті.
- Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл қағидат мемлекеттік органдар мен жалпы қоғам қызметінің берік негізіне айналуы тиіс. Ішкі істер органдары үшін бұл заңды мүлтіксіз сақтау мен қамтамасыз ету, құқыққа бағыну мәдениетін қалыптастыру, құқық бұзушылықтардың алдын алуды күшейту және қылмысқа қарсы ымырасыз күрес жүргізу дегенді білдіреді. Дәл осы бағыттар Әділетті Қазақстанды құрудың басты негізі болып қала береді, - деді Ержан Саденов.
Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша елімізде қылмыс деңгейі 10%-ға азайды. Бұл көрсеткіш қылмыстың барлық негізгі санаттары бойынша төмендеген. Қылмыстарды ашу деңгейі жақсарып, жедел-іздестіру және тергеу жұмыстарының тиімділігі артты.
Алдын алу шараларының нәтижесінде бұрын сотталған адамдармен, кәмелетке толмағандармен, алкогольдік масаң күйде, сондай-ақ қоғамдық орындар мен тұрмыстық-отбасылық салада жасалған қылмыстардың саны азайды.
Жүйелі профилактикалық жұмыстың нәтижесінде мүліктік қылмыстар да төмендеді. Ұрлықтар саны 16,4%-ға, мал ұрлығы 15,8%-ға қысқарды. Мал ұрлығына қарсы күрес басым бағыттардың бірі болып қала береді, өйткені ауыл тұрғындарының көпшілігі үшін мал басының сақталуы отбасының әл-ауқаты мен шаруашылығының тұрақтылығына тікелей әсер етеді.
Министр оң нәтижелерге қарамастан, бұл босаңсуға себеп емес, керісінше ішкі істер органдары жұмысының тиімділігін одан әрі арттыруға ынталандыруы тиіс екенін атап өтті.
Алқа отырысында бірқатар аумақтық бөліністер мен қызметтердің жұмысындағы кемшіліктерге баға берілді. Басшыларға жұмыс нәтижелері үшін жеке жауапкершілік жүктеліп, анықталған олқылықтарды жедел жою және басқару тиімділігін арттыру тапсырылды.
Мемлекет басшысы жариялаған 2026 жыл - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ішкі істер органдарын цифрлық трансформациялау негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Жасанды интеллектіні кеңінен қолдану, интеллектуалды бейнеталдау жүйелерін дамыту, ұшқышсыз технологияларды енгізу, жедел басқару орталықтарының мүмкіндіктерін кеңейту және патрульдік полиция қызметкерлерін толықтай смартжетондармен қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша министр қылмыстық топтардың экономикаға ықпалын тоқтату бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жыл басынан бері, оның ішінде трансұлттық сипатта, 38 қылмыстық іс тіркеліп, қылмыстық ортадан шыққан 160-тан астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
Жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тергеу жұмысының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Ержан Саденов келтірілген залалды өтеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажеттігін атап өтті. Жартыжылдық қорытындысы бойынша қылмыстық істер аясында 34 млрд теңгеден астам шығын өтелді.
Интернет-алаяқтықпен күреске ерекше назар аударылды. Алты ай ішінде мұндай қылмыстар саны 7%-ға төмендеді. Жәбірленушілерге 4,8 млрд теңге қайтарылып, тағы 2,6 млрд теңгенің заңсыз шығарылуына жол берілмеді, сондай-ақ 150 миллион алаяқтық қоңырау бұғатталды.
Министр тергеу сапасын арттыруды, қылмыстық шоттарды жедел бұғаттауды және алаяқтық схемаларды ұйымдастырушылардың барлығын анықтауды тапсырды.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласында 1 880-нен астам есірткі қылмысының жолы кесілді. Оның ішінде бір трансұлттық топты қоса алғанда 6 ұйымдасқан қылмыстық топ жойылып, 9 ұйымдастырушы мен 29 белсенді қатысушы ұсталды. Заңсыз айналымға жарты тоннадан астам синтетикалық есірткінің түсуіне жол берілмеді.
Министр есірткі зертханаларын анықтау, прекурсорларды заңсыз жеткізу арналарының жолын кесу, есірткі бизнесінің қаржылық ағындарын бұғаттау және жастар арасында профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
ІІМ басшысы "Таза Қазақстан" бастамасы ең алдымен заңға құрмет, қоғамдық тәртіп және әр азаматтың жеке жауапкершілігі екенін атап өтті. Көшелер мен қоршаған ортаның тазалығы осы мәдениеттің ажырамас бөлігі саналады. Осы бағыттағы жұмыстар аясында жыл басынан бері 213 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, 1 397 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Полиция материалдары негізінде олардың 952-сі жойылды. Санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық талаптарды бұзғаны үшін 351 лауазымды тұлға, оның ішінде 102 әкім және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының 249 өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Басым бағыттардың бірі - жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Есепті кезеңде жол-көлік оқиғаларының саны 4%-ға, қаза тапқандар саны 20%-ға, жарақат алғандар саны 7%-ға азайды.
Министр жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күшейтуді, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларға қатысты шараларды қатаңдатуды және оларды анықтау үшін цифрлық технологияларды белсенді пайдалануды тапсырды.
Сондай-ақ жалға берілетін электрсамокаттарын пайдалану жөніндегі жаңа талаптардың орындалуы қаралды. Министр кикшеринг компанияларының белгіленген талаптарды сақтауын бақылауды және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Алқа отырысында жаңа Конституцияның күшіне енуіне байланысты Мемлекет басшысының бастамасымен қабылданған "Рақымшылық туралы" заңды іске асыру мәселелері де қаралды. Ержан Саденов рақымшылық актісін қолдану тиімді профилактикамен, қайта әлеуметтендірумен және босатылған азаматтарды жұмыспен қамтумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ аумақтық бөліністердің басшыларына әкімшілік рақымшылықты, оның ішінде заң талаптарына сәйкес келетін айыппұлдарды автоматты түрде есептен шығаруды қамтамасыз ету тапсырылды.
Қылмыстық-атқару жүйесінің жұмысына да баға берілді. Министр қызметтік тәртіпті нығайтуды, заңның қатаң сақталуын қамтамасыз етуді және сотталғандарды қайта әлеуметтендіру жұмысының тиімділігін арттыруды талап етті.
Ержан Саденов қызметтік-әскери тәртіп пен заңды нығайту мәселесіне ерекше назар аударды. Министр ведомстволық бақылауды күшейтуді талап етті. Сонымен қатар барлық деңгейдегі басшыларға қарамағындағы бөліністердің тәртібі үшін жеке жауапкершілік жүктелетіні ескертілді.
"Заң мен Тәртіп" қағидатын нығайту қоғамның қолдауынсыз мүмкін емес екені атап өтілді. Бүгінде азаматтардың басым бөлігі құқық бұзушылықтарға төзбеушілік танытып, белсенді азаматтық ұстаным көрсетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ішкі істер органдарына қолдау білдіруде.
Алқа отырысын қорытындылаған Ішкі істер министрі қазіргі заманғы полиция қызметкері тек құқық қорғау жүйесінің өкілі ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік саясаттың бөлігі екенін айтты. Сондықтан ішкі істер органдары қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етумен қатар, жоғары құқықтық мәдениет пен заңға деген құрметті дәйекті түрде қалыптастыруы тиіс.


