Түркістан облысында өтіп жатқан облыстық тамыз кеңесі аясында жаңа оқу жылының басым бағыттары талқылануда. Өңір педагогтері білім сапасын арттыру, мектепті басқарудың заманауи тәсілдері, оқу процесінде жасанды интеллектіні пайдалану және деректерді талдау мәселелерін қарастырып жатыр. Таныстырылған шешімдердің қатарында Bilim Group компаниясының цифрлық құралдары да бар.
Шарада білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу мәселесіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар ЖИ-ді білім беру процестерін талдау, басқаруды жетілдіру және педагогтер жұмысының тиімділігін арттыру үшін қолдану мүмкіндіктерін талқылады. Бұл орайда басты міндеттердің бірі — заманауи технологияларды білім сапасын көтеруге және оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға жағдай жасауға бағыттау.
Бұл міндеттер Bilim Group цифрлық сервистерінің жаңа мүмкіндіктерінде де көрініс тапқан. Жаңа оқу жылының қарсаңында экожүйе педагогтерге, мектеп әкімшілігі мен оқушыларға арнап процестерді автоматтандыруға, оқытуды даралауға, деректермен жұмыс істеуге және жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалануға бағытталған 10-нан астам жаңартылған өнімді ұсынды.
BilimUpskill атқарушы директоры Мағжан Аманғазы Bilim Group компаниясы OpenAI, Freedom Holding Corp. және ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп жүзеге асырып жатқан білім беруге ЖИ енгізу жөніндегі ұлттық жобаның барысы туралы баяндады. Бастама аясында балабақшалар, мектептер, колледждер, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары мен Astana Hub резиденттеріне ChatGPT Edu сервисінің 165 000 лицензиясы берілді.
Сонымен қатар жаңа оқу жылына орай BilimClass тегін электрондық журналы педагогтер мен мектеп әкімшілігіне арналған бірнеше жаңа құралды әзірледі. Олардың қатарында сабақ кестесінің конструкторы мен мұғалімдерге арналған мобильді қосымша бар. Конструктор мұғалімдердің жүктемесін, кабинеттерді және басқа да параметрлерді ескере отырып, сабақ кестесін санаулы минут ішінде автоматты түрде құрастырады. Ал мобильді қосымшада кесте, сабаққа қатысу, үй тапсырмасы сияқты оқу процесіне қажетті өзге де пайдалы модульдер қолжетімді.
«Заманауи мектептерге тек цифрлық құралдар емес, нақты міндеттерді шешетін жүйелі шешімдер қажет. Біздің өнімдер мұғалімдерді есеп беру мен жоспар құру сияқты күнделікті жұмыстан босатып, басты назарды балаларға сапалы білім мен жақсы тәрбие беруге аударуға мүмкіндік береді. Ал Bilim Group өнімдерінің жаңа мүмкіндіктері процестерді автоматтандыруға, оқыту процесін даралауға және деректерге сүйене отырып басқарушылық шешімдер қабылдауға бағытталған», — деп атап өтті Bilim Group бас директоры Александр Савченко.
Bilim Group экожүйесінің басқа да өнімдерінде жаңа мүмкіндіктер пайда болды. OnlineMektep қашықтан оқыту платформасында ЖИ көмегімен есептерді автоматты түрде қалыптастыру және оқу материалдарын әзірлеу құралдары қолжетімді болады. Ал мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған BilimUstaz сервисінде жеке білім беру бағдары мен жаңа пәндік курстар іске қосылған.
BilimCenter функционалдық сауатты дамыту платформасы ЖИ әдіскерді, оқушылардың қатемен жеке жұмыс істеуіне арналған видеоұсыныстарды және толық жауапты талап ететін тапсырмаларды автоматты түрде бағалау жүйесін ұсынды. Мектеп оқушыларында да жеке цифрлық тәлімгер пайда болды: OnlineMektep-те ол балаларға тақырыпты өздігінен меңгеруге көмектеседі — жетелеуші сұрақтар қойып, тапсырманың шешіміне қадам-қадаммен бағыттап отырады.
Мектептер мен педагогтерге арналған сервистерден бөлек, Bilim Group Тамыз конференциясында KITAP цифрлық кітапханасының, мектепке дейінгі білім беруге арналған BilimKids және Balabaqsha платформаларының жаңартылған нұсқаларын, сондай-ақ білімнің қолжетімділігін арттыруға, оқытуды даралауға және ЖИ мүмкіндіктерін толық пайдалануға бағытталған басқа да жобаларды ұсынды.
Анықтама үшін: Bilim Group — 15 жылдан аса мектепке дейінгі жастан бастап кәсіби дамуға дейінгі оқу жолын сүйемелдейтін кешенді шешімдерді жасап келе жатқан ұлттық цифрлық білім беру экожүйесі. Осылайша Bilim Group мемлекетке және мектептерге Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді әрі тұрақты білім беруді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінде экожүйе шешімдерін 5 миллионнан астам адам, 350 мыңнан астам педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.
Түркістан облысындағы тамыз кеңесі: Bilim Group педагогтерге арналған цифрлық шешімдерді таныстырды


