Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауындағы дауыс беру ұйымдасқан, тыныш әрі ашық жағдайда өтті. Ел өңірлерінен келіп түскен ақпаратқа сәйкес, дауыс беру барысында заңбұзушылықтар тіркелген жоқ. Бұл туралы Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабының жетекшісі Рафаэль Гасанов Алматы қаласының Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен қорытынды брифингте мәлімдеді.
«Күні бойы біздің әріптестеріміз жергілікті жерлерде болып, өңірлердегі жағдай туралы ақпаратты тікелей жеткізіп отырды. Штабтың ақпараттық желісі еліміздің барлық 20 өңірін қамтыды. Бұл бізге болып жатқан жағдайдың барынша толық әрі объективті көрінісін алуға мүмкіндік берді», — деді Рафаэль Гасанов.
Өңірлік өкілдердің мәліметінше, сайлау учаскелері дауыс беруге дайын болды және азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасалды. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне де ерекше назар аударылды.
Сайлау процесінің ашықтығы негізгі қорытындылардың бірі болды. Дауыс беру барысы мен сайлаушылардың қатысу көрсеткіші туралы ақпарат қоғамға тұрақты түрде беріліп отырды. Сайлау учаскелерінде байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмыс істеді. Өңірлік желі күні бойы Алматыдағы штабтың орталық алаңымен тікелей байланыста болды.
Ақпараттық штабта азаматтардың жоғары белсенділігі де ерекше атап өтілді. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мәліметтері бойынша, сайлаушылардың қатысу көрсеткіші 74,19 пайызды құрады. Дауыс беруге 9,3 миллионнан астам адам қатысты.
«Бұл — қоғамның саяси процестерге белсенді араласуының маңызды көрсеткіші. Біз азаматтардың саяси процестерден шет қалмай, елдің одан әрі даму бағытын айқындауға тікелей қатысуға дайын екенін көрдік», — деп атап өтті Рафаэль Гасанов.
Өңірлік желінің мәліметінше, күні бойы сайлау учаскелерінде тыныш әрі жағымды ахуал сақталды. Дауыс беруге түрлі буын өкілдері қатысып, көптеген азаматтар сайлау учаскелеріне отбасыларымен келді.
Ақпараттық штабта дауыс беру күнінің қорытындысы сайлау комиссияларының, байқаушылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының және сайлау процесінің ұйымдастырушылық әрі ақпараттық бөлігін қамтамасыз еткен мамандардың үйлесімді жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.
Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы өңірлер, байқаушылар, журналистер және қоғам арасында тұрақты байланысты қамтамасыз етті. Келіп түскен ақпарат жергілікті жерлердегі өкілдер арқылы тікелей тексеріліп отырды.
Сайлау науқанының қорытындысы бойынша Тәуелсіз байқаушылардың ақпараттық штабы алдына қойылған міндеттерді орындап, өз жұмысын аяқтады.

