Абай облысында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Өңірдегі автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің жалпы ұзындығы 10 034 шақырымды құрайды. Биылғы негізгі міндеттердің бірі – облыстық жол желісінің техникалық-нормативтік жағдайдағы үлесін жыл соңына дейін 90 пайызға жеткізу.
Қазіргі уақытта облыстық маңызы бар жолдардың үш учаскесінде орташа жөндеу жүргізілуде. Аудандық деңгейде жалпы ұзындығы 100 шақырым болатын 10 жол учаскесін жаңарту жоспарланған. Сонымен бірге 20 елді мекендегі 80 көше жөндеумен қамтылады.
2025 жылдан жалғасқан 13 нысанның алтауы толық аяқталды, қалған жетеуінде жұмыс жүріп жатыр. Биыл басталған жобалардың тоғызы мәресіне жетіп, тағы 16 нысанда жөндеу жалғасуда.
Семейде де көше-жол желісі кезең-кезеңімен жаңартылуда. Мичурин көшесіндегі жұмыс толығымен аяқталды. Бейбітшілік аралының жолында, сондай-ақ Абай, Құнанбай, Қозбағаров, Герцен, Жангелдин, Сеченов және Жанатайұлы көшелерінде жөндеу жүргізілуде.
Қала үшін маңызды жобалардың бірі – Семейдегі автокөлік көпірін қайта жаңғырту. Қазір оның орындалу деңгейі 80 пайызға жетті. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланған.
Облыс әкімі Берік Уәли жол сапасы тұрғындардың қауіпсіздігіне, елді мекендердің қолжетімділігіне және ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға тікелей ықпал ететінін атап өтті.
Алдағы кезеңде жолдардың сапасын зертханалық бақылау мен диагностикалау күшейтіліп, автоматтандырылған өлшеу жүйелерін енгізу жұмыстары жеделдетіледі. Мұндай тәсіл бөлінген қаражаттың тиімділігін арттырып қана қоймай, жөнделген жолдардың ұзақ мерзім сапалы қызмет етуіне мүмкіндік береді.


