Абай облысында жылыту маусымына дайындық коммуналдық инфрақұрылымды жүйелі жаңғыртумен қатар жүргізілуде. Өңірде орталықтандырылған жылумен үш қала мен бес аудан қамтылған. 2026–2027 жылдардағы маусымға дайындық аясында жалпы құны 14,5 млрд теңге болатын 32 жоба жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 15,8 млрд теңгеге тағы алты жоба қолға алынған. Негізгі міндеттердің бірі – жылу желілерінің тозуын кезең-кезеңімен төмендетіп, тұрғындарға көрсетілетін коммуналдық қызметтің тұрақтылығын арттыру.
Облыстағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409 шақырымды құрайды. Оның 325 шақырымы Семей қаласында орналасқан. Қазіргі тозу деңгейі – 55,6 пайыз. Биыл 6,4 млрд теңгеге 38 шақырым жылу желісі ауыстырылуда. Жобалар аяқталғаннан кейін облыстық көрсеткіш 52,3 пайызға, ал Семейде 58,2 пайыздан 54,1 пайызға дейін төмендейді.
Семейде бір жылу электр орталығы мен 20 қазандық жұмыс істейді. Қазір олардың 18-і маусымға толық дайын, қалған екеуіндегі жұмыстар қыркүйек соңына дейін аяқталмақ.
Әлеуметтік нысандардың дайындығы да жоғары. Білім беру және әлеуметтік қорғау мекемелері 100 пайыз, денсаулық сақтау нысандары 97 пайыз, тұрғын үйлер 98 пайыз дайын.
Облыс әкімі Берік Уәли барлық жұмысты қыркүйектің соңына дейін аяқтау міндетін белгіледі. Инфрақұрылымды жаңарту жылу жүйесінің сенімділігін күшейтіп, алдағы маусымда тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

