Дегелең вокзалының жаңаруы Курчатовтың көлік мүмкіндігін кеңейтті

Дегелең вокзалының жаңаруы Курчатовтың көлік мүмкіндігін кеңейтті

Курчатов қаласында Дегелең теміржол вокзалы толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан вокзал инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында қайта салынды.

Бұрынғы вокзал 1957 жылдан бері пайдаланылып келген. Реконструкция нәтижесінде оның аумағы 85 шаршы метрден 300 шаршы метрге дейін, яғни үш еседен астам ұлғайды. Ғимараттың ішкі кеңістігі жаңартылып, күту залы мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары заманауи талаптарға бейімделді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кедергісіз қозғалуына да қажетті жағдай жасалды. Станцияда 190 адам еңбек етеді.

Дегелең арқылы «Өскемен – Астана», «Семей – Астана», «Алматы – Павлодар» және «Семей – Ақтау» бағыттарындағы жолаушылар пойыздары қатынайды. Сондықтан вокзалдың жаңаруы Курчатов тұрғындары үшін ғана емес, өңіраралық бағыттарды пайдаланатын жолаушылар үшін де маңызды.

Абай облысында бағдарлама бойынша барлығы 10 вокзал жаңғыртылуда. Бұған дейін Бородулиха ауданындағы Ауыл және Белағаш станциялары пайдалануға берілді. Жалаңашкөл, Шар, Жарма және Үшбиік вокзалдарын да жақын уақытта ашу жоспарланған. Семей, Аягөз және Ақтоғайдағы нысандар қыркүйекте аяқталмақ.

Дегелең вокзалының іске қосылуы Курчатовты кешенді дамыту жұмыстарымен сабақтасып отыр. Қалада тұрғын үйлер қалпына келтіріліп, көшелер мен аулалар жаңартылуда, әлеуметтік нысандар жөнделуде. Школьная көшесіндегі жаңғыртылған үйден әлеуметтік осал санаттағы 30 отбасы баспанамен қамтылды.

Заманауи вокзал осы өзгерістерді толықтырып, Курчатовтың көлік қолжетімділігі мен тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыратын маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін соған сай қаржылық құрылым қажет екенін еске салды. Президент форум қатысушыларына бірнеше...

– Еліміз үшін бұл – сыртқы саясаттағы ең маңызды мақсаттардың бірі. Ортақ тарихымызға үңілсек, Қытай халқы біздің халқымызға ешқашан ешқандай зиян...