Қазақстан Үкіметі жер қойнауын геологиялық тұрғыдан зерттеу жүйесін жаңарту жұмыстарын жалғастырып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл сайынғы Жолдауларында айқындалған тапсырмаларды жүзеге асыру аясындағы негізгі бағыттардың бірі – геологиялық барлау жұмыстарының тиімділігін арттыру, цифрлық құралдарды дамыту және минералды-шикізат базасын неғұрлым ұтымды пайдалану үшін жағдай жасау, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Сонымен қатар бүгінде басты назар зерттелген аумақтарды кеңейтумен шектелмейді. Геологиялық барлау перспективалы учаскелерді егжей-тегжейлі зерттеуге бағытталып, ондаған жылдар бойы жинақталған деректер цифрландырылуда, бұл өз кезегінде деректерді Big Data және жасанды интеллект жүйелерінде пайдаланудың келесі кезеңіне жол ашады.
1:50 000 масштабтағы геологиялық картаға түсіру бойынша 20 жоба: геологиялық барлауда зерттеулер тереңдей түсуде
Негізгі міндеттердің бірі Қазақстан аумағының геологиялық зерделеу деңгейін арттыру болып қала бермек. Мұндағы жұмыстар 1:200 000 масштабта жүргізіледі және елдің минералды-шикізат әлеуетінің тұтас көрінісін одан әрі қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда Қазақстан аумағының геологиялық-геофизикалық зерттелуі бұл масштабта шамамен 2,04 млн шаршы шақырымды құрайды. 2026 жылы осы көрсеткішті 2,2 млн шаршы шақырымға дейін жеткізу жоспарлануда.
Сонымен қатар сала одан да дәлірек 1:50 000 масштабтағы геологиялық картаға түсіруге көшуде. Биыл пайдалы қазбалардың перспективалы учаскелерін анықтауға бағытталған 20 жобаны жүзеге асыру басталды. Осы жұмыстар шеңберінде жүргізілетін геологиялық зерттеулердің жалпы ауданы 100 мың шаршы шақырымды құрайды.
Зерттеулер алтын, мыс, полиметалдар, сирек және жерде сирек кездесетін металдары, литий, вольфрам және молибденді анықтауға мүмкіндік беретін аумақтарға бағытталған. Жұмыстарды жүргізу кезінде аэрогеофизикалық және геохимиялық әдістер, жерді қашықтықтан зондтау деректері және талдаудың заманауи зертханалық әдістері пайдаланылады.
Бұл тәсіл жалпылама картаға түсіруден бұрын нақты перспективалық учаскелерді іздеуге баса назар аударуға мүмкіндік береді. Мемлекет үшін бұл минералды-шикізат әлеуетін дәлірек бағалауды, ал инвесторлар үшін одан әрі зерттеу мен игеруге қызығушылық тудыруы мүмкін аумақтар туралы неғұрлым құрылымдалған ақпарат алуды білдіреді.
10 мың кен орны және жаңа қорлар: геологиялық барлау минералды-шикізат базасын молайта түсуде
Геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде соңғы 2 жылда еліміздің минералды-шикізат базасы молая түсті.
2024 жылы алғаш рет мемлекеттік есепке 35 кен орны алынды, олар: 23 қатты пайдалы қазбалар, 6 көмірсутек шикізаты және 6 жерасты суы. 2025 жылы тағы да 19 жаңа кен орны мемлекеттік есепке алынды, олар: 17 қатты пайдалы қазбалар, бір көмірсутек шикізаты және бір жерасты суы. Осылайша, 2024-2025 жылдары мемлекеттік есепке 54 жаңа кен орны қойылды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректері бойынша 2024-2025 жылдары пайдалы қазбалардың келесідей түрлері бойынша ресурстар мен қорлар өсті:
• алтын – 157 210,6 келі;
• күміс – 9 432 тонна;
• мыс – 122,7 мың тонна;
• хром рудасы – 927 мың тонна;
• мырыш – 171,9 мың тонна;
• қорғасын – 114,8 мың тонна;
• темір рудасы – 262 209,4 мың тонна;
• марганец – 11,052 мың тонна;
• фосфор рудасы – 1 338,32 мың тонна;
• мұнай – 199 мың тонна;
• газ – 22 млрд текше метр;
• жерасты сулары – тәулігіне 104,148 мың текше метр.
Жалпы алғанда мемлекеттің есебінде түрлі пайдалы қазбалардың шамамен 10 мың кен орны бар.
Перспективалы учаскелерде сирек кездесетін металдардың 935,4 мың тонна болжамды ресурстары анықталды
Геологиялық барлаудың маңызды бағыты өнеркәсіп пен жаңа технологияларды дамыту үшін қажетті маңызды және стратегиялық пайдалы қазбаларды іздеу болып саналады. Олардың ішінде алтын, мыс, полиметалдар, литий, вольфрам, молибден, сондай-ақ сирек және сирек жер металдары бар. Қазақстанда келесідей шикізат түрлері бойынша ресурстық базаға ие. Атап айтқанда, вольфрам Караоба кен орнында бар. Литий бойынша ең ірі нысандарға Қарағайлыактас, сондай-ақ Ахметкино мен Ахмировское жатады. Молибденнің ірі кен орындары Қарағанды облысында шоғырланған, олардың ішінде Көктенкөл, Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпарды атай кету керек. Ал Абай облысында маңызды нысандардың бірі – Айдарлы.
Бұл тізімде қазіргі заманғы технологиялар мен перспективалы өндірістерде сұранысқа ие сирек және сирек жер металдары ерекше рөл атқарады. Оларды игеру тек шикізат секторы үшін ғана емес, сонымен қатар өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін де маңызды. Бүгінгі таңда зерттеулер іздеу бағдарламасына енгізілген 11 учаскеде аяқталды. Қарағанды облысындағы Күйректікөл учаскесі ең перспективалы деп аталды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мұнда La, Ce, Nd және Y жерде сирек кездесетін металдардың жоғары болжамды қоры анықталды. Учаскелер бойынша болжамды ресурстардың жалпы көлемі 935,4 мың тоннаны құрайды. Қосымша түрде Ырғыз алаңы бойынша С2 санатындағы 795,8 мың тонна көлемінде қор есептелді. Кеңқұдық, Ржавая Сопка, Миролюбовский, Боқай және Кунеой учаскелерінде де сирек және жерде сирек кездесетін металдардың әлеуеті бағаланды.
Жер қойнауы туралы заңнама жаңартылды: электрондық аукциондар және инвесторларды қолдау шаралары кеңейтілді
Геологиялық барлау жұмыстарын кеңейту саланың нормативтік-құқықтық базасын жүйелі түрде жетілдірумен қатар жүргізілуде. Соңғы үш жылда ҚР «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексіне толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Олар жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіруге, инвестициялық тартымдылықты арттыруға, рәсімдерді цифрландыруға, сондай-ақ жер қойнауын ұтымды пайдалануға және қоршаған ортаны қорғауға қатысты болды. Осылайша, 2024 жылы өзгерістер Жер қойнауы учаскелерін берудің ашықтығын арттыруға, аукциондық тетікті жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға және қатты пайдалы қазбалар, көмірсутектер мен уран салаларын реттеуге бағытталды.
Осылайша, 2024 жылы өзгерістер жер қойнауы учаскелерін берудің ашықтығын арттыруға, аукциондық тетікті жетілдіруге, цифрлық сервистерді дамытуға және қатты пайдалы қазбалар, көмірсутектер мен уран салаларын реттеуге бағытталды. 2025 жылы саланы цифрландыру және жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын дамыту бойынша жұмыс жалғасын тапты.
Заңнамада Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасының мәртебесі бекітіліп, электрондық аукциондар өткізу тетігі кеңейтілді, стратегиялық инвесторларды қолдаудың қосымша шаралары және аз зерттелген аумақтарды реттеу тетіктері қарастырылды. Бұл өзгерістер жер қойнауы учаскелерін беру рәсімдерін барынша түсінікті етіп, өзара іс-қимылдың едәуір бөлігін цифрлық форматқа көшіруге бағытталған.
Мемлекеттік геологиялық жұмыстар жер қойнауын ұтымды әрі кешенді пайдалануды қамтамасыз ету мен аумақтың геологиялық зерделенуін арттыру жөніндегі бюджеттік бағдарлама шеңберінде қаржыландырылады. 2024–2026 жылдары мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржыландыру көлемі 62,4 млрд теңгені құрады. 2024 жылы 6,6 млрд теңге, 2025 жылы – 7,9 млрд теңге, 2026 жылы – 47,9 млрд теңге көзделген.
Бағдарлама аясында өңірлік, геологиялық түсіру, іздеу-бағалау және іздеу-барлау жұмыстары жүргізілуде. Олардың нәтижесі жер қойнауын мемлекеттік басқару үшін де, жер қойнауын пайдаланушылардың қызметі үшін де қажетті геологиялық ақпараттың сапасы мен толықтығын одан әрі арттыру болуы тиіс.
Бірыңғай платформа 66,1 мың геологиялық есептер мен 109,5 мың зерттеу контурын біріктірді
Саладағы ең маңызды өзгерістердің бірі жинақталған геологиялық ақпаратты цифрлық форматқа көшірумен байланысты. Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасында ҚР жер қойнауын пайдалану картасы жасалып, онда геологиялық есептердің 66,1 мың бірінші томы орналастырылды. Олармен географиялық тұрғыдан 109,5 мың зерттеу контуры байланысты.
Сонымен қатар 4,8 млн-нан астам бастапқы геологиялық ақпарат бірлігі цифрландырылды. Бұл массивке қағаз тасығыштардағы 4,3 млн парақ, 355 мың графикалық қосымшалар, 97 мың магниттік таспалар және 62 мың картридж кіреді. Бұл жұмыстың практикалық маңызы – геологиялық материалдардың пайдаланушылар үшін қолжетімді бола түсуінде.Инвесторға немесе жер қойнауын пайдаланушыға аумақты алдын ала зерделеу үшін тек архив қорына жүгінудің қажеті жоқ. Цифрлық карта арқылы есептермен танысып, зерттелген аумақтардың шекарасын көріп, нақты учаскенің әлеуетті инвестициялық тартымдылығын бағалауға болады.
Келесі кезең деректерді жүйелеп, оларды машина оқи алатын форматқа көшіруден тұрады. Бұл жинақталған ақпаратты тек электрондық архив ретінде ғана емес, аналитикалық жүйелерге арналған деректер массиві ретінде де пайдалану үшін қажет.
Ресурстарды өндіріске ауыстыру – үш жылда 96 лицензия берілді
Бүгінде салада тұтас цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыру аяқталуда. Ол геологиялық деректерді, интерактивті картаны, Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасын, Big Data аналитикасын және жасанды интеллект алгоритмдерін инвестициялық шешімдер қабылдаудың бірыңғай тізбегіне біріктіреді.
Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі минералдық-шикізат базасын мемлекеттік есепке алуды цифрлық трансформациялауды жүргізіп жатыр. Кен орындары, қорлар және жер қойнауын пайдалану нысандары туралы мәліметтерді байланыстыратын бірыңғай ақпараттық кеңістік қалыптасуда.
Үкіметтің стратегиялық мақсаты – ресурсты анықтау, геологиялық барлау, өндіру, терең өңдеу және ел ішінде жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығару кезеңдерін қамтитын тұйық өндірістік тізбек құру. Бұл тәсіл ұлттық экономиканы индустриялық әртараптандыруға тікелей ықпал етеді.
Интеграцияның практикалық нәтижелері қазірдің өзінде тіркеліп отыр: соңғы үш жылда барлау кезеңінен өндіруге өту жер қойнауын пайдалануға арналған 7 келісімшарт бойынша рәсімделді (2024 жылы – 3, 2025 жылы – 2, 2026 жылы – 2). Осы кезеңде Министрлік қатты пайдалы қазбаларды өндіруге 96 лицензия берді (2024 жылы – 33, 2025 жылы – 32, 2026 жылы – 31).
Мұнай-газ секторындағы негізгі ресурстар – мұнай, шикі газ және табиғи битум. Ішкі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аз зерттелген шөгінді бассейндерді игеруге басымдық берілді. 2025–2026 жылдары мұнай-газ бағыты бойынша 8 кен орны өндіру кезеңіне ауыстырылды.
Геологиялық деректерден – жаңа инвестициялық жобаларға
Алдағы уақытта Қазақстандағы геологиялық барлау саласының дамуы зерттеулердің нақтылығын арттыруға, жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолдануға және жинақталған геологиялық ақпаратты тиімді пайдалануға байланысты болмақ.
Бұл ретте негізгі міндеттердің бірі – геологиялық барлау нәтижелері мен кейінгі өнеркәсіптік игеру арасындағы байланысты қамтамасыз ету. Іс жүзінде бұл перспективалы ресурсты анықтау мен оны барлаудан бастап өндіру, өңдеу және дайын өнім шығаруға дейінгі бірізді үдерісті білдіреді.
Осылайша, саладағы өзгерістер бірнеше бағытты қатар қамтиды: аумақтарды зерттеу деңгейі тереңдейді, ресурс базасы кеңейеді, нормативтік реттеу жетілдіріледі, архивтер цифрландырылады және геологиялық деректердің ауқымды массивтерін ЖИ арқылы талдауға арналған құралдар енгізіледі. Мемлекет басшысының Жолдауларында осы бағыттағы берілген тапсырмаларын жүзеге асыру геологиялық ақпарат пен жер қойнауын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Қазақстан үшін бұл геологиялық барлау нәтижелері қорларды бағалау құралы ғана емес, сонымен бірге аумақтарды одан әрі игеру туралы шешімдер қабылдау құралына айналатын бірыңғай негіз қалыптастырады. Келесі кезең – жинақталған цифрлық деректерді практикалық шешімдерге аудару: талдауды жеделдету, болжау дәлдігін арттыру және жаңа инвестициялық әрі өнеркәсіптік жобаларды қалыптастыру.

