Павлодар облысында полицейлер алаяқтықтың алдын алды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Павлодар қаласында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Камзин көшесінің бойында жылап келе жатқан қызды байқайды. Ол полицейлерге белгісіз адамдардың нұсқауымен 2 миллион теңгені басқа шотқа аударып, ақшаның өзіне тиесілі екенін "дәлелдеуі" қажет екенін айтқан.
Тәртіп сақшылары Дархан Макажанов пен Еламан Каримовтың жедел әрекетінің арқасында қыздың алаяқтарға алданып, қаржылық шығынға ұшырауына жол берілмеді.
Қала тұрғынының айтуынша, белгісіз адам алдымен телефон соғып, SIM-картаның қолданылу мерзімін ұзарту қажет екенін айтып, SMS-кодты сұраған. Кейін оның нөмірі арқылы екі шот ашылып, оларға алаяқтық жолмен ақша аударылып жатқаны хабарланған. Осыдан соң оған барлық жинақ ақшасының өзіне тиесілі екенін дәлелдеуі керектігі, әйтпесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылған.
Психологиялық қысымға ұшырап, абдырап қалған қыз үйінен шығып, 2 миллион теңгені белгісіз адамдар көрсеткен шотқа аудару үшін банкке бет алған.
– Әңгіме біраз уақытқа созылып, қатты қобалжыдым. Бақытыма орай, жолда полицейлерді кездестірдім. Олар мені мұқият тыңдап, сабырға шақырды. Дереу тексеру жүргізіп, банктерге хабарласты. Нәтижесінде менің атыма ешқандай кредиттік міндеттеме рәсімделмегені анықталды. Сондай-ақ алаяқтардың қайталама әрекеттерінен қорғану үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы "Стоп-кредит" қызметін қосуға көмектесті, – деді қала тұрғыны.
Полиция азаматтарды қырағы болуға, бейтаныс адамдарға SMS-кодтар мен жеке деректерді бермеуге, күмәнді талаптар бойынша ақша аудармауға және осындай жағдайларда дереу полицияға хабарласуға шақырады.
Айта кетейік, өңірде интернет-алаяқтықтың 1 337 дерегі тіркелген. "Anti-fraud" және "Hi-Tech" жедел-профилактикалық іс-шаралары аясында SIM-карталарды заңсыз іске қосумен және ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан адамдар ұсталды.
Заңсыз айналымнан 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 абоненттік SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Жалпы, интернет-алаяқтыққа қатысы бар деген күдікпен 33 адам ұсталды. Олардың үшеуі – кәмелетке толмағандар.


