COP31 конференциясында климаттың өзгеруіне бейімделуге арналған табиғатқа негізделген шешімдер талқыланды

COP31 конференциясында климаттың өзгеруіне бейімделуге арналған табиғатқа негізделген шешімдер талқыланды

Анталья қаласында (Түркия) өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның ұлттық павильонында «Табиғат бейімделу инфрақұрылымы ретінде: инновациялық және табиғатқа негізделген шешімдер» тақырыбында халықаралық сессия өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Іс-шараны «Жасыл даму» АҚ ұйымдастырды. Сессия барысында халықаралық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың және экологиялық бастамалардың өкілдері климаттың өзгеруіне бейімделудің практикалық жолдары мен табиғи экожүйелердің тұрақтылығын арттыру мәселелерін талқылады. Сессияны «Жасыл даму» АҚ Салалық құзыреттер 2 департаментінің директоры Дана Қасенова жүргізді.

Қатысушылар климаттың өзгеруіне бейімделуде табиғи экожүйелердің әлеуетін тиімді пайдалануға баса назар аударды. Атап айтқанда, су ресурстарын сақтау, тау экожүйелерін қалпына келтіру, жасанды мұздықтар жасау технологияларын қолдану, сондай-ақ табиғи тетіктерді заманауи инженерлік және цифрлық технологиялармен ұштастыру мәселелері қарастырылды.

Сессияны ашқан «Жасыл даму» АҚ басқарушы директоры Ботагөз Ахметова құрғақшылық, жердің тозуы және шөлейттену жағдайында табиғатқа негізделген шешімдердің Қазақстан үшін ерекше өзекті екенін атап өтті. Ол ормандарды, жайылымдарды және Арал теңізінің құрғаған табанындағы өсімдік жамылғысын қалпына келтірудің маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар мұндай жобаларды іске асыру үшін сенімді мониторинг жүйелерін енгізу және климаттық қаржыландыру тарту қажеттігін атап өтті.

БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) климаттық жобалар жөніндегі талдаушысы Сәулет Сәкенов Қазақстанның климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі алғашқы ұлттық жоспарын әзірлеу барысы туралы баяндады.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілі Джереми Шликенридер таулы өңірлерде бейімделу жобаларын іске асыру тәжірибесімен бөлісті. Ал Орталық Азия университетінің криосфера зерттеушісі Денис Самин мұздықтарды зерттеудің ғылыми тәсілдері мен табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану мүмкіндіктері туралы айтты.

Ыстанбұл университеті - Джеррахпаша профессоры Юсуф Серенгил халықаралық тәжірибені таныстырды. Оның баяндамасы табиғатқа негізделген шешімдерді қолдану арқылы Түркиядағы табиғи апаттар қаупін азайтуға және климаттың өзгеруіне төзімділікті арттыруға бағытталған TERRA жобасына арналды.

Экожүйелерді қалпына келтіруге бағытталған нақты бастамалар да таныстырылды. Halyk қайырымдылық қорының бас директоры Сағынбек Шүнкеев Қазақстандағы ормандарды қалпына келтіруге және еліміздің табиғи мұрасын сақтауға бағытталған Halyk Ormany бастамасы туралы баяндады. Ал Әзербайжанның Future қоғамдық бірлестігінің төрағасы Гүлшан Ахундова өз еліндегі су теңгерімі мен су ресурстарын басқару мәселелеріне тоқталды.

Пікірталас барысында қатысушылар халықаралық тәжірибені Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде қолдану, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және бірлескен пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.

Сонымен қатар табиғатқа негізделген шешімдерді кеңінен енгізу үшін тиімді мониторинг тетіктерін қалыптастыру, климаттық тәуекелдерді бағалау және қаржыландыру тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Халықаралық сессия «Жасыл даму» АҚ-ның климаттық саясат пен табиғи ресурстарды орнықты пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмысының бір бөлігі болды.

Ғылыми білім мен практикалық тәжірибе алмасу экожүйелерді сақтауға, сондай-ақ өңірлердің климаттың өзгеруі салдарына төзімділігін арттыруға бағытталған табиғатқа негізделген шешімдерді енгізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Анталья қаласында (Түркия) өтіп жатқан COP31 климаттық конференциясы аясында Қазақстанның ұлттық павильонында «Табиғат бейімделу инфрақұрылымы...

Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті ауылдық елді мекендердің ауыз сумен қамтылуын жақсарту мақсатында топтық су...