Шымкентте Қазақстан халқының тілдері күніне орай «Қазақ тілі – цифрлық кеңістікте: технология, инновация, даму» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараны Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ұйымдастырды.
Жиынға тіл мамандары, педагогтер, IT және жасанды интеллект саласының сарапшылары, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен жастар қатысты.
Басқосуда қазақ тілін цифрландыру, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тіл үйрету үдерісіне енгізу, электронды ресурстар мен мобильді қосымшаларды дамыту мәселелері талқыланды. Қатысушылар Qazaq Til AI жобасы, виртуалды ассистенттер және басқа да цифрлық шешімдер туралы тәжірибелерімен бөлісті.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Әбдез Рахманұлы мемлекеттік тілдің цифрлық кеңістіктегі қолданысын кеңейту үшін IT жобалар мен заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Сондай-ақ жиында қазақ тіліндегі сапалы медиаконтент пен анимацияның маңызы сөз болды. «Сақ» киностудиясының режиссер-сценарисі Батырхан Қалдарбекұлы «АЛАН» мультфильмінің жобасын таныстырды.
Жиын соңында мамандар қазақ тілін цифрлық ортада дамыту үшін сапалы контент қалыптастыру, тілдік деректер қорын жетілдіру және жасанды интеллектінің қазақ тілін сауатты өңдеу мүмкіндігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Қазақ тілі – цифрлық кеңістікте

