Талап Қыпшақбаев, Шымкент қалалық ұлттық спорт клубы директорының орынбасары: "Тазылар сайысы ұлттық дәстүрді жаңғыртуға серпін берді" дейді

Талап Қыпшақбаев, Шымкент қалалық ұлттық спорт клубы директорының орынбасары: "Тазылар сайысы ұлттық дәстүрді жаңғыртуға серпін берді" дейді

Шымкент қаласында ұлттық дәстүрді жаңғыртып жүрген құмай тазы асыраушылар аз емес. Оларға қала әкімдігі тарапынан да жеткілікті қолдау көрсетілуде.
Биыл шаһарда мамыр айында ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше спорттық-мәдени іс-шара өткен болатын.
Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен алғаш рет құмай тазылар арасында ашық біріншілік ұйымдастырылды. Бұл жарыс – қазақтың байырғы саятшылық дәстүрін жаңғыртып, ұлттық ит тұқымдарының қадір-қасиетін насихаттауға бағытталған маңызды бастама болды.
Ашық біріншілікке еліміздің 18 өңірінен іріктеліп алынған ең жүйрік, ең таңдаулы 36 құмай тазы қатысты. Бұл – тек жарыс қана емес, тазы баптау мәдениетін, саятшылық өнерді және ата-баба мұрасын кеңінен танытатын тағылымды алаң.
Алғашқы сайыс Шымкент қаласында құмай тазы спортының дамуына жаңа серпін берді. Көрермендер үшін де бұл жарыс ерекше әсер сыйлайтын, тартысты әрі қызықты дода болды.
Жаңа атшабар аумағында өткізілген бәсекеде үздік шыққан тазылар анықталып, жеңімпаз және жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Алматы облысынан келген Айдын Құдайбергеновтың “Сылдыр” атты тазысы бәрінен оза шауып, жеңімпаз атанған еді.
– Тазы баптап келе жатқаныма 30 жылдан асты. Бүгін бәйгеге қосқан құмайым бұған дейін де 20-ға жуық жарыста топ жарған. Қазір де ерекше қуанып отырмын. Осындай жоғары деңгейде ұйымдастырылған додаға қатысу біз үшін үлкен мәртебе. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, қазақы тазының мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген азаматтарға алғысым шексіз, – деді ол ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп.
Сайыс барысында тазылардың тек шапшаңдығы ғана емес, олардың сыртқы келбеті мен ұлттық нақыштағы сән-салтанаты да назардан тыс қалған жоқ. Арнайы номинациялар бойынша «Сұлу тазы», «Үздік ұлттық киім» және «Ең жас баптаушы» аталымдары тағайындалып, жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталды.
Шымкент қаласының ұлттық және ат спорт түрлері бойынша кешенді спорт клубы директорының орынбасары Талап Қыпшақбаев алғашқы сайыс жоғары деңгейде өткізілгенін айтады.
– Ашық біріншілік Шымкент қаласында құмай тазы спортының дамуына жаңа серпін беріп, ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуға зор үлес қосты. Ұлттық спорт пен ата дәстүрді ұлықтауға бағытталған іс-шараның басты мақсаты – қазақтың қастерлі мұрасы саналатын тазы тұқымын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және жастардың ұлттық рухын нығайту.
Қазақ халқы үшін тазы — жеті қазынаның бірі. Сондықтан осындай жарыстар ұлттық мұраны кейінгі ұрпаққа танытып, жастарды ата дәстүрді құрметтеуге тәрбиелейді. Мемлекет тарапынан да бұл бағытқа айрықша мән беріліп отыр. Елімізде 3 қыркүйек – Тазы мен төбет күні болып ресми бекітілді. Бұл – халқымыздың тарихи мұрасына деген зор құрметтің белгісі, – дейді ол.

Расында да, қала әкімдігінің қолдауымен өткізілген алғашқы жарыс көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Қалада құмай тазы өсіруге деген қызығушылық артып келеді. Қазіргі уақытта ұлттық дәстүрді жаңғыртып жүрген азаматтар өздері ұйымдасып, коммерциялық жарыстар өткізіп жүр.
Әзірге, қалада бұл бағытта арнайы спорт бөлімі ашылмаған. Талап Қыпшақбаевтың айтуынша, қала әкімдігі, кешенді спорт клубы тарапынан тазы асыраушылардың бастамаларын қолдауға, жарыстар өткізуге барлық қажетті жағдайлар жасалып жатыр.
Арнайы федерация, спорт бөлімін ашу - ол алдағы уақыттың еншісінде. Бастысы, қазіргі таңда сең қозғалып, құмай тазылар арасында спорт сайысын ұйымдастыруға деген қызығушылық бар. Мұндай жағдайда ұлттық дәстүріміз қайта жаңғыра берері анық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Шымкент қаласында ұлттық дәстүрді жаңғыртып жүрген құмай тазы асыраушылар аз емес. Оларға қала әкімдігі тарапынан да жеткілікті қолдау...