Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, 2026 жылғы тамызда тағайындалған Хайке Ренате Пайчпен кездесті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар қоршаған ортаны қорғау, климаттық саясат және орнықты даму салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Қазақстанның БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы Тараптарының 31-конференциясына (COP31) дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды. Тараптар халықаралық бастамалар бойынша пікір алмасты. Атап айтқанда, COP28 аясында қабылданған энергетикалық жүйелерде қазба отындарынан әділ, реттелген және теңгерімді түрде кезең-кезеңімен бас тарту (Transitioning Away from Fossil Fuels, TAFF) жөніндегі шешім қарастырылды.
Сондай-ақ Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) климаттық тұрақтылық, жер ресурстарын орнықты пайдалану, жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі, жасыл сутегі және Арал маңы өңірін экологиялық дамыту бағыттарында бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығы атап өтілді.
Биоалуантүрлілікті сақтау саласында Қазақстанның Тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру және Пржевальский жылқысын табиғи мекендеу ортасына қайтару жөніндегі бастамалары атап өтілді.
Сонымен қатар Каспий теңізін сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қазақстандық-германдық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және экологиялық әрі климаттық күн тәртібі бойынша практикалық өзара іс-қимылды дамытуға өзара мүдделілік білдірді.


