Алматы қаласындағы №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасында қазақстандық нейрохирургтар Германиядан келген жетекші маманмен бірлесіп, сегіз жастағы балаға ми гамартомасын алып тастау бойынша күрделі нейрохирургиялық операция жасады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Балаларда сирек кездесетін туа біткен патология - ми тіндерінің дамуындағы ауытқулар салдарынан пайда болатын ісік.
Бала туғаннан бастап бірқатар неврологиялық бұзылыстарға шалдыққан, атап айтқанда, себепсіз күлкі ұстамалары, ұйқы мен сөйлеу бұзылыстары, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, бас ауруы және есінен тану эпизодтары байқалған. Баланың ауыр жағдайына мидың белгілі бір аймағында орналасқан сирек ісік – гамартома себеп болған, бұл жағдайда ол эпилепсиялық ұстамаларды қоздырған.
Бірнеше жыл бойы пациент мамандардың бақылауында болып, дәрі-дәрмекпен ем қабылдаған. Бұған дейін оған хирургиялық араласулар да жасалған. Алайда емге қарамастан, ұстамалар жалғаса бергендіктен, нейрохирургиялық көмектің кезекті кезеңін жүргізу қажет болды.
Операция халықаралық практикалық мастер-класс шеңберінде өтті. Оған «Шарите» (Charité – Universitätsmedizin Berlin, Германия) университеттік клиникасы балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ульрих-Вильгельм Томале қатысты.
Профессор №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургиялық тобымен бірлесіп, нейронавигация және операция кезіндегі нейромониторинг технологияларын қолдана отырып, ісікті микрохирургиялық әдіспен алып тастады. Бұл технологиялар хирургтарға мидың күрделі құрылымдарында жоғары дәлдікпен бағдарлауға және операция барысында маңызды функционалдық аймақтардың жағдайын бақылауға мүмкіндік береді.
Мастер-класс «Добровольное Общество Милосердие» қоғамдық қорының қаржылық қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шара барысында мамандар барлығы бес күрделі операция жасады. Бағдарлама шеңберінде пациенттерге консультациялар беріліп, қазақстандық дәрігерлерге арналған практикалық оқыту іс-шаралары да өткізілді.
«Біз үшін мидың күрделі ауруларына шалдыққан балалардың Қазақстанда жоғары технологиялық медициналық көмек алу мүмкіндігі болуы маңызды. Халықаралық ынтымақтастық, тәжірибе алмасу және заманауи хирургиялық технологияларды енгізу отандық нейрохирургияны дамытуға және күрделі пациенттерді емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады», – деп атап өтті №2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасының директоры Марат Рабандияров.
№2 Балалар қалалық клиникалық ауруханасы балалар нейрохирургиясы мен эпилепсияны хирургиялық жолмен емдеу бағыттарын белсенді дамытып, диагностика мен емдеудің заманауи әдістерін енгізуді жалғастыруда.


