Павлодар облысы ПД қызметкерінің отбасы республикалық "Мерейлі отбасы - 2026" байқауында топ жарды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап.
Қазақстанда жыл сайын отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ата-ананың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы өткізіледі.
Биыл республикалық байқауда Павлодар облысының намысын Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Исабек Кенжебаевтың отбасы абыроймен қорғап, жеңімпаз атанды.
Байқаудың басты мақсаты – берекелі шаңырақтың, еңбекқорлықтың, өзара сыйластықтың, рухани-адамгершілік тәрбиенің және белсенді азаматтық ұстанымның үлгісін көрсетіп жүрген отбасыларды анықтап, олардың өнегелі жолын көпшілікке таныту.
Байқауға қатысу тыңғылықты дайындықты талап етті. Отбасылар өз әулетінің тарихын, ата-аналарының өмір жолын, қалыптасқан дәстүрлерін, балалары мен немерелерінің жетістіктерін, кәсіби табыстары мен қоғамдық қызметін, сондай-ақ туған өлкенің дамуына қосқан үлесін таныстыруы тиіс болды.
Кенжебаевтар отбасы байқау талаптарына сай отбасы шежіресін, әр буын өкілдерінің фотосуреттерін, құжаттары мен марапаттарын, отбасы мүшелерінің жетістіктері мен дәстүрлері туралы мәліметтерді, ата-тегін және бейнепрезентациясын ұсынды. Байқау материалдары әулеттің бай тарихын, өмірлік ұстанымдары мен рухани құндылықтарын, ұрпақ тәрбиелеудегі көп жылғы тәжірибесін жан-жақты көрсетті.
Отбасының тарихы 1982 жылдан бастау алады. Сол жылдың қараша айында Бектемір мен Шайза Кенжебаевтар шаңырақ көтерген. Арадағы 44 жылға жуық уақыт ішінде олар төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде әулеттің қуанышын еселеп, шаңырақтың шаттығын арттырып отырған он немересі бар.
Кенжебаевтар шаңырағында өзара сыйластық, еңбекқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттер отбасылық тәрбиенің негізіне айналған. Ерлі-зайыптылар немерелерінің тәрбиесіне, білім алуына, рухани және дене дамуына ерекше көңіл бөледі.
Отбасында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар да айрықша қадірленеді. Соның бірі – әр жұма сайын туған-туыс пен жақындарды бір дастарқан басына жинау дәстүрі. Қонақжайлықты, бауырмалдықты және татулықты ту еткен отбасы кейінгі ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруді басты міндет санайды.
Полиция саласында жиырма жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Исабек Кенжебаев қызмет жолында мол тәжірибе жинақтаған. Ол мамандығына алғашқы күннен-ақ сүйіспеншілікпен қарап, бүгінге дейін өз таңдауына адалдық танытып келеді. Қызметіне жауапкершілікпен қарап, азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін басты міндеті санайды.
- Біздің жұмысымыз – азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету, – дейді Исабек Кенжебаев.
Бұл – оның кәсіби ұстанымына айналған қағида.
Жұбайы Айнаш білім беру саласында еңбек етеді. Ол мектепте бастауыш сынып мұғалімі әрі тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарады. Үлкен қызы Жансая жоғары оқу орнының екінші курсында білім алса, ұлы Саят пен қызы Айару мектеп оқушылары.
Кенжебаевтар – бала тәрбиесіне, олардың білім алуына, жан-жақты дамуына және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән беретін тату отбасы. Ата-ананың қамқорлығы мен қолдауының арқасында балалары білімге құштар, мәдениетті әрі алдына мақсат қоя білетін азамат болып өсіп келеді.
"Мерейлі отбасы – 2026" ұлттық байқауындағы жеңіс – Кенжебаевтар әулетінің берік отбасылық құндылықтарының, ата-ананың саналы тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығының лайықты бағалануы.
Байқау қорытындысы бойынша әрбір отбасыға құрметті мүсінше мен 2 миллион теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
– Мен үшін отбасындағы ең басты құндылық – ауызбіршілік. Шаңырақта бірлік, махаббат пен өзара түсіністік болса, өмір де мәнді әрі әдемі болады. Алла Тағала маған үлкен бақыт – үлкен отбасын, сүйікті жұмысымды және тамаша балаларымды сыйлады. Бүгінгі марапат – ең алдымен, бүкіл отбасымыздың ортақ жеңісі. Жақындарымның бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарап, әрдайым қамқор болып жүргенін көруден асқан бақыт жоқ. Нағыз отбасылық бақыт дегеніміз де осы, – дейді Исабек Кенжебаев.
Бұл жоғары марапат Кенжебаевтар отбасының ғана емес, Ақелбек ауылының, Ақтоғай ауданы мен күллі Павлодар облысы тұрғындарының да ортақ мақтанышына айналды.
Кенжебаевтар отбасының өнегелі өмір жолы – шынайы отбасылық бақыттың негізі бірлік пен сүйіспеншілікте, өзара құрмет пен бала тәрбиесінде, ұлттық және рухани құндылықтарды сақтауда екенін айқын көрсететін жарқын үлгі.


