Әнел Ташбай жасөспірімдер Олимпиадасының алтынын жеңіп алды

Әнел Ташбай жасөспірімдер Олимпиадасының алтынын жеңіп алды

Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында қазақстандық велошабандоз Әнел Ташбай шосседегі велоспорт жарысында жеңімпаз атанды. Жеке уақытқа жүру сайысында ол 11 минут 32,57 секунд нәтижесімен мәреге бірінші болып жетті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Әнелдің жеңісі Қазақстан құрамасына осы Ойындардағы екінші алтын медальді әкелді. Бұған дейін дзюдошы Фатима Сұпығалиева жеңімпаз атанған болатын. Сондай-ақ триатлоншы Рамазан Айгенов ел қоржынына қола медаль салды.

Жас спортшының жетістігі қазақстандық велоспорт дәстүрінің жалғасы әрі жас буын спортшыларының әлеуетін көрсетеді. Қазақстандық велошабандоздар жазғы Азия ойындарында ел тарихында барлығы 31 медаль жеңіп алған. 2026 жылы Рината Султанова жеке уақытқа жүру сайысында алтын медаль иеленсе, Алексей Луценко жеке уақытқа жүру және топтық жарыстарда жеңіске жетіп, екі алтын медаль жеңіп алды. Ал Евгений Федоров топтық жарыста күміс жүлдегер атанды.

Спорт резервін даярлау отандық спортты дамытудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Қазақстанда олимпиадалық резервтің мамандандырылған спорт мектептері мен мектеп-интернат-колледждері жұмыс істейді. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, еліміздегі 14 облыстық және 5 республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжде 6 мыңнан астам бала спортпен шұғылданады. Велоспорт та бейінді спорт мектептері мен спорт резервін даярлау ұйымдарында қамтылған. Бұл жас спортшылардың кәсіби даярлықтан өтіп, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуына мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі Әнел Ташбай мен оның жаттықтырушылар құрамын жоғары жетістігімен құттықтайды. Жасөспірімдер Олимпиадасындағы бұл жеңіс – спортшының өзі үшін де, қазақстандық велоспорт үшін де маңызды жетістік әрі алдағы спорттық жолындағы үлкен белес.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ