Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың негізгі ассортименті бойынша баға тұрақтылығы сақталып отырғанын хабарлайды. Сонымен қатар еліміздің фармацевтикалық нарығындағы баға динамикасын бағалау әдістемесіндегі айырмашылықтарға түсініктеме береді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету және алыпсатарлық үстеме бағалардың алдын алу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесі арқылы препараттардың қозғалысын толық көлемде есепке алып отырады. Аталған кешен 3 073 атаудағы дәрілік затты қамтиды және медициналық ұйымдар мен дәріханалардағы нақты бөлшек сауда чектерін нақты уақыт режимінде талдайды.
Үздіксіз жүргізілген цифрлық талдау нәтижелері бойынша бақыланатын дәрілік заттар ассортиментінің 78%-дан астамында бағаның өсуі байқалмаған: 1 595 атау бойынша баға толық тұрақты болса, 799 позиция бойынша нақты бөлшек сауда бағасының төмендегені тіркелген.
Сонымен қатар азаматтардың тікелей бақылау мүмкіндігі де қамтамасыз етілген. «Naqty Onim» мобильдік қосымшасы арқылы тұтынушылар дәрілік заттардың шекті бөлшек сауда бағаларының тізіліміне, өндіруші туралы мәліметтерге және препараттардың тіркеу мәртебесіне тікелей сауда орындарында қол жеткізе алады.
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы (ҰСБ) фармацевтикалық өнімдер бағасының 20,9%-ға жылдық өскені туралы (2026 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша) деректерді жариялауына байланысты Министрлік бұл зерттеудің бірқатар ерекшеліктеріне назар аударуды қажет деп санайды.
ҰСБ талдауы 33 атаудан тұратын шектеулі іріктеме негізінде жасалған (негізінен рецептісіз босатылатын дәрілік заттар). Бұл ретте дәрілік заттардың дозасы, концентрациясы, шығарылу түрі мен қаптамасы сияқты маңызды параметрлер ескерілмеген. Осыған байланысты ҰСБ-ның жиынтық көрсеткіші нарықтың толық құрылымын көрсетпейді және дәрілік заттардың жалпы қолжетімділігін бағалаудың жалғыз негізі бола алмайды.
Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінің деректері дәрілік заттардың толық номенклатурасын қамтуы және нақты сауда операцияларын тіркеуінің арқасында мемлекеттік реттеу, жекелеген тәуекелдерді анықтау және нақты шаралар қабылдау үшін барынша егжей-тегжейлі әрі жедел ақпарат береді.
Денсаулық сақтау министрлігі азаматтардың мүдделерін қорғау және фармацевтикалық сектордың тұрақтылығын сақтау мақсатында еліміздің барлық өңірінде дәрілік заттардың бағасына тұрақты мониторинг жүргізеді.


