ИКАО-ның Әуе көлігі жөніндегі жетінші дүниежүзілік конференциясы (ATConf/7) аясында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен Жапонияның Жер, инфрақұрылым, көлік және туризм министрлігі Министр хатшылығының халықаралық авиация жөніндегі вице-министрінің көмекшісі Сэити Тадзима мырзаның кездесуі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар азаматтық авиация саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, Қазақстан мен Жапония арасындағы әуе қатынасын кеңейту перспективаларын талқылады, атап айтқанда, Алматы – Токио бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын іске қосу туралы айтты.
Талғат Ластаев тікелей әуе қатынасының ашылуы ұзақ үзілістен кейін екі ел арасындағы көліктік байланысты нығайтудың маңызды кезеңіне айналатынын және іскерлік, туристік, инвестициялық әрі гуманитарлық байланыстарды дамытуға қосымша серпін беретінін атап өтті.
2026 жылғы 30 қарашадан бастап «Air Astana» әуе компаниясы Алматы – Токио (Нарита әуежайы) бағыты бойынша аптасына екі рет жиілікпен тұрақты тікелей рейстерді орындауға кірісуді жоспарлап отыр. Әуе билеттерін сату ағымдағы жылдың 2 қазанынан бастап ашылды.
Ұшулар Airbus A321LR әуе кемелерімен орындалады. Әуе компаниясының кестесіне сәйкес ұшу ұзақтығы Алматы – Токио бағыты бойынша шамамен 7 сағат 30 минутты және кері бағытта 9 сағат 25 минутты құрайды.
Рейстерді іске қосу екі ел арасындағы әуе тасымалының қолжетімділігін арттыруға, туристік сапарлар мен іскерлік байланыстар үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азиядағы маңызды авиациялық және транзиттік хаб ретіндегі рөлін нығайтуға бағытталған.
Әңгіме барысында қазақстандық тарап әуе қатынасын одан әрі кеңейтуге және екі елдің ұлттық әуе тасымалдаушылары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға мүдделілік білдірді.
Кездесудің жеке тақырыбы ИКАО шеңберіндегі ынтымақтастық болды. Талғат Ластаев жапон тарапын Тосиюки Онума мырзаның ИКАО Кеңесінің Президенті лауазымына сайлануымен құттықтап, бұл оқиғаның Жапония мен бүкіл Азия-Тынық мұхиты өңірі үшін маңыздылығын атап өтті. Ұйым тарихында алғаш рет аталған өңірдің өкілі ИКАО Кеңесіне басшылық етуде.
Вице-министр әлемдік азаматтық авиацияның қауіпсіздігін, орнықты дамуын қамтамасыз ету және тиімділігін арттыру мақсатында Қазақстан мен Жапонияның авиациялық ведомстволары арасындағы белсенді диалогты қолдаудың, сондай-ақ халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтудың маңыздылығына тоқталды.


