Астанада ғылым мен инновацияларға арналған CASIB өңірлік конференциясы өтті

Астанада ғылым мен инновацияларға арналған CASIB өңірлік конференциясы өтті

17-18 қараша күндері Астанадағы Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Qazaq AI Research University базасында ғылым, зерттеулер және инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған CASIB өңірлік конференциясы өтті. Іс-шара ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Орталық Азияның тұрақты инновациялар бюросы (CASIB), Мартин Лютер атындағы Галле-Виттенберг университетінің Қазақстандағы өкілдігі және Astana Hub бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Конференция Германия мен Орталық Азия елдерінің ғалымдарын, ғылыми қорлардың, халықаралық ұйымдардың, жоғары оқу орындарының және бизнес өкілдерін біріктірді. Іс-шараның негізгі мақсаты – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту, зерттеу нәтижелерін практикалық қолданысқа енгізу және өңірдің өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бірлескен инновациялық жобаларды дамыту.

Конференцияның ашылуында Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы елшілігі, Германияның Зерттеулер, технологиялар және ғарыш федералдық министрлігі (BMFTR), Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері, сондай-ақ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ренат Елшібеков сөз сөйледі.

Іс-шара бағдарламасы аясында Германияның Зерттеулер, технологиялар және ғарыш федералдық министрлігі (BMFTR), Германияның ғылыми-зерттеу қоғамы (DFG) және Еуропалық одақ қаржыландыратын ғылыми жобалар таныстырылды. Аталған зерттеулер су ресурстарын тиімді пайдалану, топырақ сапасын жақсарту, ауыл шаруашылығын дамыту, қалалардың климаттық тұрақтылығын қамтамасыз ету және цифрлық денсаулық сақтау бағыттарын қамтиды.

Конференция барысында халықаралық ғылыми альянстарды дамытуға және жас ғалымдарды қолдауға ерекше назар аударылды. Қатысушылар ғылыми гранттар, халықаралық тағылымдамалар мен бірлескен зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамы (GIZ) мен Орталық Азиядағы серіктестері арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою көзделген.

17 қарашада қатысушылар Astana Hub-пен бірлесіп Alem AI халықаралық жасанды интеллект орталығының инфрақұрылымымен танысты. Атап айтқанда, Talent Lab, жасанды интеллект зертханалары және Hardware & Robotics Lab мүмкіндіктері ұсынылып, ғылыми әзірлемелерді дамыту мен технологиялық жобаларды іске асыруға арналған жағдайлар таныстырылды.

18 қарашада Qazaq AI Research University базасында ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерцияландыруға және оларды экономиканың нақты секторына енгізуге арналған практикалық семинар ұйымдастырылды. Оған Fraunhofer IPK институтының, Орталық Азиядағы Германия сыртқы сауда палатасының (AHK), сондай-ақ Германия мен Орталық Азия университеттерінің өкілдері қатысты.

Сонымен қатар Германияның ғылыми-зерттеу қоғамы (DFG) өңірдегі ғылыми жобаларды қаржыландыру тетіктері мен халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу мүмкіндіктеріне арналған Science Café форматындағы кездесу мен семинар өткізді.

CASIB өңірлік конференциясы Германия мен Орталық Азия елдері арасындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға, халықаралық зерттеу жобаларын дамытуға, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға және жас зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған маңызды алаңға айналды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Монреаль қаласында (Канада) өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 43-ші кезектен тыс сессиясы аясында ИКАО жаһандық...