Монреаль қаласында (Канада) өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 43-ші кезектен тыс сессиясы аясында ИКАО жаһандық елшілері мен чемпиондарының екінші кездесуі өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шараға ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар, ИКАО EUR/NAT бюросының директоры Николас Ралло, ИКАО-ның Әлеуетті дамыту және енгізу бюросы директорының орынбасары Мигель Марин, сондай-ақ Гайана, Доминикан Республикасы, Испания, Италия, Қатар, Канада, Португалия, Пәкістан, Таиланд, Шри-Ланка, Жапония және басқа да елдерден ИКАО Бағдарламасының елшілері мен чемпиондары қатысты. Бағдарлама жұмыс істеген кезеңде оған Бразилия, Грекия, Зимбабве, Кения, Малайзия, Польша және Түркия қосылды.
Кездесуді ИКАО-ның Әлеуетті дамыту және жобаларды іске асыру бюросының директоры Фабио Рахнемай Раббани ашты. Іс-шара барысында AirAsia әуе компаниясының тұрақты даму жөніндегі директоры Яп Мун Чинг және Доминикан Республикасы Азаматтық авиация институты (IDAC) бас директорының орынбасары Паола Эйме Пла Пуэльо баяндама жасады.
Кездесуде Қазақстан атынан ҚР Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы, ИКАО Жаһандық елшілер бағдарламасының елшісі Салтанат Томпиева қатысып, адами капиталды дамытуға, авиация саласындағы әйелдердің қатысуын кеңейтуге, жастарды тартуға және авиация мамандықтарын дәріптеуге бағытталған ИКАО бастамаларын іске асырудағы қазақстандық тәжірибе туралы баяндады.
С. Томпиева бұл жұмыстың мемлекеттік органдардың, авиациялық кәсіпорындардың, білім беру және ғылыми-зерттеу ұйымдарының, сондай-ақ халықаралық серіктестердің өзара іс-қимылы негізінде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Іске асырылған міндеттер қатарында Азаматтық авиация академиясы және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп әзірленген Азаматтық авиациядағы жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы бар. Сондай-ақ 2026 жылғы қыркүйекте Авиация ғылыми-зерттеу институты құрылды.
Жастармен жұмыс істеуге және кәсіби өзін-өзі айқындаудың ерте кезеңдерінде авиацияға деген қызығушылықты қалыптастыруға ерекше орын беріледі. Оқушылар мен студенттерді авиация мамандықтарымен және саладағы кәсіби өсу мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталған бастамалар іске асырылуда.
Сонымен қатар гендерлік теңдікті ілгерілетуге және авиациядағы әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударылады. Бұл кәсіптік білім мен мансаптық мүмкіндіктерге қолжетімділікті кеңейтуді ғана емес, сонымен бірге саланың дамуына үлес қосып жүрген әйелдердің жетістіктерін мойындауды да қамтиды.
Осылайша, 2026 жылғы қаңтарда бастау алған ИКАО Жаһандық елшілер бағдарламасын іске асыру кешенді сипатқа ие және заманауи авиация саласын дамытудың негізгі бағыттарын қамтиды.
«Қазақстан жаңа құзыреттер мен ғылыми зерттеулерді дамытудан бастап әйелдер көшбасшылығын қолдау мен жастарды тартуға дейін ИКАО-ның халықаралық басымдықтарының ұлттық бастамаларда іс жүзінде көрініс табуы жолында дәйекті түрде жұмыс істеуде. Мемлекеттер арасындағы тәжірибе алмасу мен біздің бірлескен күш-жігеріміз бұдан да көп жастарды авиация мамандықтарына шабыттандырып, әлемдік авиацияның тұрақты дамуына елеулі үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Комитет төрағасы.
Салтанат Томпиеваның баяндамасы авиациялық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланды. Қазақстанның ИКАО мақсаттарына қол жеткізуде мемлекеттің, авиация саласының, білім беру қоғамдастығының және халықаралық серіктестердің жүйелі өзара іс-қимылының маңыздылығын көрсетіп отырғаны және Орталық Азия өңірінде ғана емес, бүкіл әлемде ИКАО бастамаларын одан әрі іске асыру үшін үлгі бола алатыны атап өтілді.
Қазақстанның ИКАО Жаһандық елшілер бағдарламасына қатысуы еліміздің әлемдік азаматтық авиацияны дамытуға деген бейілділігін және оның болашағын қалыптастыруға практикалық үлес қосуға дайындығын растайды.


