Астанада ғылыми жобаға бөлінген 297 млн теңгені жымқыру схемасы анықталды

Астанада ғылыми жобаға бөлінген 297 млн теңгені жымқыру схемасы анықталды

ҚМА Астана қаласы бойынша департаменті ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруға бөлінген мемлекеттік гранттарды жымқыру схемасын анықтады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, 2023 жылы жеке кәсіпкерлік «Ғылым қоры» акционерлік қоғамынан «Өсімдік майларын қайта өңдеу және тазарту өндірісін ұйымдастыру» жобасын іске асыру үшін жалпы қаржыландыру көлемі 350 млн теңгеге дейінгі грант алған.

Алайда қаражат жабдықтар, шикізат, маркетингтік қызметтер және басқа да тауарлар үшін төлем жасау деген желеумен бақылаудағы компаниялардың шоттарына аударылып отырған.

Атап айтқанда, жобада көзделген дат баспайтын болаттан жасалған үш өндірістік желінің орнына техникалық талаптарға сәйкес келмейтін, көміртекті болаттан жасалған екі қондырғы ғана сатып алынған.

Дайын өнім өндірілмеген және сатылмаған.

Нәтижесінде мемлекетке 297 млн теңгеден астам залал келтірілген.

Жымқырылған қаражат пайдаланылған өсімдік майын жеткізуге төлем жасау деген желеумен өзара байланысты екі компанияның шотына аударылған.

Кейін бұл қаражаттың бір бөлігі жеке кәсіпкерліктің шоттарына қайтарылып, жобаға қосқан өз қаражаты ретінде рәсімделген. Сондай-ақ қаражаттың бір бөлігі автокөліктерді лизингке алу шарттары бойынша бастапқы жарналарды төлеуге жұмсалған.

Бұдан бөлек, жобаның іске асырылуын бақылауға жауапты «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ қызметкері 1,7 млн теңге заңсыз сыйақы алып, анықталған заңбұзушылықтарды тексеру актілерінде көрсетпеген және жобаны қаржыландыруды жалғастыруға ұсыным берген.

Екі күдікті қамауға алынды.

Сот санкциясымен 6 автокөлікке, пәтерге және жабдықтарға тыйым салынды.

Тергеу жалғасуда.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Монреаль қаласында (Канада) өтіп жатқан Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) Ассамблеясының 43-ші кезектен тыс сессиясы аясында ИКАО жаһандық...