Таразда «Батырлар жолы» әскери-спорттық жарысы өтті

Таразда «Батырлар жолы» әскери-спорттық жарысы өтті

Мектеп оқушылары арасындағы «Батырлар жолы» республикалық әскери-спорттық сайысы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімнің базасында ұйымдастырылды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Аталған іс-шара Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының бастамасымен және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы басшылығының қолдауымен өтті.

– «Батырлар жолы» жарысы жай ғана спорттық мереке емес, бұл жастарды әскери қызметке дайындау жүйесіндегі маңызды кезең болып табылады. Оның мақсаты жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу, физикалық дайындық деңгейін көтеру және әскери қызметті өтуге қажетті моральдық-психологиялық қасиеттерді қалыптастыру, – деп атап өтті өз сөзінде Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының өкілі запастағы полковник Аркен Ташубаев.

Әскерге дейінгі дайындықтың маңызына жауынгер-интернационалист отставкадағы генерал-майор Әлімжан Ерниязов та айрықша тоқталды. Ол нағыз патриот, ел қорғауға жастайынан дайын болуы тиіс екенін, ал «Батырлар жолы» сияқты шаралар ерлік пен ел болашағы үшін деген жауапкершіліктің іргетасын қалайтынын жеткізді.

Жас патриоттар гранатаны дәлдік пен қашықтыққа лақтырудан, атыс алаңында пневматикалық винтовкадан оқ атудан сынға түсті. Жылдамдықты ғана емес, командалық рухтың беріктігі сыналатын марш жасау олар үшін нағыз ауыр сынаққа айналды. Сондай-ақ әскери дайындықтың классикалық элементтері – Калашников автоматын уақытқа бөлшектеп және жинау, сондай-ақ тартысты тактикалық эстафета да назардан тыс қалмады.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері кедергілер жолағын ұйымдастыруға, төрелік етуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қатысушыларға қажетті тұрмыстық жағдай жасауға жан-жақты қолдау көрсетті.

– Біз осындай шараларды өткізуге алдағы уақытта да жан-жақты жәрдем көрсетуге дайынбыз, өйткені бұл – ұрпақ тәрбиелеуге қосар өзіндік үлесіміз. Балалардың шынайы қызығушылығын, табандылығы мен жеңіске деген ұмтылысын көру – біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш, – деді «Оңтүстік» ӨҚ әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Бақытжан Қарғызәлиев.

Жарыс қорытындысы бойынша Қызылорда қаласының әскери-патриоттық клубы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Түркістан облысының командасы еншілесе,  үздік үштікті Жамбыл облысының әскери-патриоттық клубы түйіндеді.

«Оңтүстік» ӨҚ әскери оркестрінің өнерпаздары мерекеге ерекше көрік бере түсті. Олардың орындаған марштары мен дефилесі балалардың жауынгерлік рухын көтеріп, жарысқа тиісті ырғақ сыйлай білді. Ал қару-жарақ пен әскери техника көрмесі жасөспірімдерге олардың әскер қатарындағы үлгілермен жақыннан танысып, жауынгерлердің күн сайын немен айналысатынын көруге мүмкіндік берді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Астана, 2026 жылғы 19 қараша – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі,...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде соңғы жеті жылда аграрлық салада қол...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде «Халықтық құрылыс» бағдарламасының...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөз сөйлеп, аграрлық саланың ел экономикасындағы стратегиялық маңызына, ауыл...