20 қарашада Астанада өткен Digital Tañba 2026 форумы аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «ADAL TAUAR» кәсіпкерлер одағымен және «Проктер энд Гэмбл Казахстан Дистрибьюшн» ЖШС-мен ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды. Құжаттар тауар айналымының ашықтығын арттыруға, бизнеспен өзара байланысты нығайтуға және тауарларды таңбалау тетіктерін жетілдіруге бағытталған, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Бірінші вице-министр Айжан Бижанова «ADAL TAUAR» кәсіпкерлер одағының төрағасы Гүлмира Уахитовамен меморандумға қол қойды. Министрлік пен Одақ кәсіпкерлердің пікірлері мен ұсыныстарын жинап, талдауды, бизнес қауымдастығының ортақ ұстанымын қалыптастыруды, сондай-ақ сауданы реттеу, тауарларды цифрлық таңбалау және олардың қозғалысын қадағалау жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді көздеп отыр.
«ADAL TAUAR» кәсіпкерлер одағы отандық өндірушілерді біріктіріп, адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүдделерін қорғайды. Одақтың негізгі жұмыс бағыттары – әділ бәсекелестікті дамыту, контрафактілік өнімдер мен көлеңкелі тауар айналымына қарсы күресу, реттеу тетіктерін жетілдіру және тауар нарығының ашықтығын қамтамасыз ететін цифрлық құралдарды қолдау.
Министрлік пен серіктестердің бірлескен жұмысы заңсыз тауар айналымын азайтуға, адал бәсекелестікті дамытуға және кәсіпкерлерге қолданыстағы талаптарды түсіндіруге бағытталады.
«Біз кәсіпкерлер қауымдастығымен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатып, бизнес күнделікті жұмыста кездесетін мәселелерді нақты талқылауға мүдделіміз. Серіктестерімізбен бірлескен жұмыс кәсіпкерлердің ортақ пікірін естуге және сауданы реттеуді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды бірге әзірлеуге мүмкіндік береді деп сенеміз. Біз үшін адал кәсіпкерлердің тең бәсекелестік жағдайында жұмыс істеуі, белгіленген талаптарды түсінуі және цифрлық құралдарды енгізу кезінде қажетті ақпараттық қолдау алуы маңызды», – деді Айжан Бижанова.
Өз кезегінде Гүлмира Уахитова Одақ кәсіпкерлердің ұсыныстарын жинақтап, олардың күнделікті қызметінде туындайтын мәселелерді министрлікпен талқылауға ниетті екенін айтты.
«Сауда және интеграция министрлігімен ынтымақтастығымыз нақты шешімдер табуға, заңсыз тауар айналымына жол бермеуге және нарықта адал жұмыс істейтін кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға көмектеседі деп үміттенеміз», – деп атап өтті Гүлмира Уахитова.
Айжан Бижанова екінші меморандумға «Проктер энд Гэмбл Казахстан Дистрибьюшн» ЖШС бас директоры Роксана Станческумен қол қойды. Құжат импортталатын тауарларды таңбалау саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған.
Министрлік пен компания тікелей импорттау логистикасын жетілдіру, қойма инфрақұрылымын дамыту және Қазақстан аумағында тауарларға таңбалау кодтарын түсіруді ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстарды пысықтауды жоспарлап отыр.
«Проктер энд Гэмбл Казахстан Дистрибьюшн» ЖШС – тұрмыстық химия мен жеке гигиена құралдарын қоса алғанда, күнделікті тұтынатын тауарларды өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі Procter & Gamble өнімдерінің ресми дистрибьюторы. Компания тұрмыстық химия мен косметикалық өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жобаға қатысты. Айта кетейік, Қазақстанда осы тауарлар тобына міндетті таңбалауды кезең-кезеңімен енгізу 2027 жылғы 1 наурыздан бастап жоспарланған.


