Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы мүгедектігі бар балалар үй жағдайында оңалту қызметін ала алады

Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы мүгедектігі бар балалар үй жағдайында оңалту қызметін ала алады

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «QH – балаларды үй жағдайында оңалту» жобасының ауқымын кеңейтуді жалғастыруда. 2026 жылғы 20 қарашадан бастап жобаға Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстары қосылды. Оны Петропавл және Ақтау қалаларындағы Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының облыстық филиалдары жүзеге асырады, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Маңғыстау облысында тірек-қимыл аппараты бұзылған 1 631 бала, ал Солтүстік Қазақстан облысында 497 бала тұрады. Мұндай отбасылардың көбі облыс орталықтарынан шалғай орналасқан ауылдар мен елді мекендерде тұрады. Сондықтан баланы оңалту сабақтарына тұрақты түрде апару оңай емес. Үй жағдайында оңалту осы мәселені шешіп, баланың күнделікті өмірінен ажырамай, өзіне үйреншікті ортада жаттығуына мүмкіндік береді. Ал мамандар отбасымен үнемі байланыста болып, қажетті қолдау көрсетеді.

- Көптеген отбасылар үшін Ақтауға дейін қатынау қосымша уақытты, күш пен қаражатты талап етеді. Енді оңалту шаралары баланың өзіне үйреншікті ортада, үйде жүргізіледі. Бұл ретте мамандар отбасына жан-жақты қолдау көрсетуде: қажетті жабдықтарды таңдап, реттейді, ата-аналарды оны дұрыс пайдалануға үйретеді және әр кезеңде сүйемелдеп отырады, – дейді Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы Маңғыстау облыстық филиалының директоры Мүминат Мусина.

Әр баламен жұмыс алдымен оның жеке мүмкіндіктерін бағалаудан басталады. Филиал мамандары ата-аналармен бірге баланың қимыл-қозғалыс қабілетін және үйдегі жағдайды зерделеп, оңалтудың жеке мақсаттарын айқындайды. Баланың қажеттілігіне қарай көпфункционалды кресло-арбалар, вертикализаторлар немесе жүріп-тұруға арналған құралдар таңдалады. Бұл жабдықтар уақытша өтеусіз пайдалануға беріледі. Алдымен мамандар оларды баланың бойына және қажеттілігіне сай бейімдеп, реттейді. Сонымен қатар ата-аналар жабдықтарды қауіпсіз пайдалану бойынша тәжірибелік оқудан өтеді. Құралдар берілгеннен кейін де мамандар отбасына кеңес беріп, баланың күнделікті белсенділігін бақылап отырады.

- Біз үшін ең бастысы – баланың күнделікті өміріндегі оң өзгерістерді көру. Мысалы, ерекше қажеттілігі бала ойын кезінде бұрынғыдан ұзағырақ отыруы, бір нәрсеге сүйеніп нық тұруы немесе ересектердің көмегін аз қажет етіп, өздігінен қозғала бастауы мүмкін. Мұндай сәттерді ата-аналармен бірге белгілеп, нәтижесін оңалтудың цифрлық күнделігінде бақылап отырамыз. Енді шалғай ауылдарда тұратын отбасылар да баласын жолға әурелемей, үйде күн сайын жаттықтыра алады, – дейді Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Аягөз Сейтзадина.

Ата-аналар, балалар мен мамандар оңалтудың барлық кезеңінде FSM Social ақпараттық жүйесі арқылы өзара байланыста болады. Жүйе ақпарат алмасуды және оңалту барысын цифрлық форматта сүйемелдеуді қамтамасыз етеді.

- Бұл модельдің тиімділігі мамандардың қашықтан үздіксіз сүйемелдеуіне негізделген. Әр балаға мамандар тобы жеке оңалту маршрутын әзірлейді, ал ата-аналар күн сайын орындалған жаттығуларды цифрлық күнделікке белгілеп отырады. Мамандар бұл мәліметтерді нақты уақыт режимінде көріп, қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасына жедел түзету енгізе алады. Осылайша, ата-аналар оңалту процесінің толыққанды қатысушысына айналады, ал бала мамандардың кезекті келуін күтпей, тұрақты түрде жаттығады, – деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Инклюзия департаментінің директоры Ғазиза Иманғали.

Жоба өзінің тиімділігін іс жүзінде дәлелдеді. Қазіргі уақытта ол Павлодар, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, Абай облысында және Шымкент қаласында жүзеге асырылуда. Осы уақытқа дейін жобаға 691 бала қатысты. Оның 430-ы оңалту курсын аяқтаса, 259 бала жаттығуларын жалғастыруда. Мамандар балалардың функционалдық дағдыларында 550 оң өзгерісті тіркеген. Жоба қорында балаларға арналған 421 жеке оңалтудың техникалық құралы бар.

Жаңа өңірлерде де жобаның нәтижесі оң динамика байқалған балалар саны мен тіркелген жетістіктер негізінде бағаланатын болады. Бұл деректер әр облыста қандай оңалту құралдарына сұраныс жоғары екенін анықтауға және аудандардағы отбасыларды сүйемелдеу жұмысын жоспарлауға мүмкіндік береді.

Екі өңірге арналған жабдықтар «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қолдауымен сатып алынды. Солтүстік Қазақстан облысында жабдықтарды сатып алуға жергілікті атқарушы органдар да атсалысты.

Алдағы уақытта жобаны одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. 2027 жылы оны кезең-кезеңімен тағы 12 облысқа тарату көзделген. Осылайша, жоба еліміздің барлық 20 өңірін қамтитын болады.

Жобаға қатысуға өтінім екі жолмен беріледі. Біріншісі – Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының www.kazto.kz сайтындағы «Өзекті жобалар» бөлімі арқылы өтінім қалдыру. Одан кейін Орталық мамандары өтінім берушімен байланысады. Екіншісі – Орталықтың өңірлік филиалына тікелей жүгіну. Онда мамандар жобаға қатысу шарттарын түсіндіріп, барлық сұраққа жауап береді.

Жоба Қазақстан Республикасында 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары аясында жүзеге асырылуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «QH – балаларды үй жағдайында оңалту» жобасының ауқымын кеңейтуді...

20 қарашада Астанада өткен Digital Tañba 2026 форумы аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі «ADAL TAUAR» кәсіпкерлер...