Президент Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде ауылды дамыту және тұтас елімізді өркендету ісінде аграрлық сала еңбеккерлерінің үлесі зор екенін атап өтті, деп хабарлайды No-comment.kz – Ақордаға сілтеме жасап.
– Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын. Қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар форумда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, «Галицкое» ЖШС директоры Александр Касицын, «Рамадан» сүт фермасы» ЖШС директоры Жарас Қанапин, «ЭКО-культура» агроөнеркәсіп холдингінің президенті Александр Рудаков, Valmont Industries компаниясының вице-президенті Филипп Шмидт-Хольцман, Ulytau Meat және Ulytau Sheep әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының төрағасы Нұрсұлтан Жарылғапов сөз сөйледі.
Жиын соңында Президент ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттады.
Мемлекет басшысы баяндамасының толық мәтінімен осы сілтеме арқылы танысуға болады.


