Ақтөбе облысы Алға ауданының Қайнар ауылында 331-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құралымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті үш ауылдық округтегі 1 249 тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Салтанатты ашылу рәсіміне Алға ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сұлтанов пен Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Айбат Жанабергенов қатысты.
Құралым жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылды. Қызмет атқару үшін жеті адамнан тұратын команда жасақталды. Төтенше жағдайлар министрлігі өрттерге жедел ден қою және тұрғындарға көмек көрсету үшін өрт сөндіру техникасын ұсынды.
Жаңа бекеттің ашылуы ауылдық жерлердегі өрттерге ден қою уақытын қысқартуға, елді мекендердің өрт қауіпсіздігін арттыруға және кәсіби бөлімшелер келгенге дейін жедел көмек көрсетуге мүмкіндік береді. «Ауыл құтқарушылары» желісін кеңейту шалғай ауылдардағы қауіпсіздік жүйесін нығайтып, тұрғындар үшін шұғыл көмектің қолжетімділігін арттырады.


