Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Ашхабад қаласында (Түрікменстан) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.
Биыл Достастыққа Түрікменстан Республикасының төрағалық етуде. ТМД ҮБК отырысы басталар алдында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов үкіметтік делегациялар басшыларын қабылдады.
Екіжақты кездесу барысында Олжас Бектенов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан түрікмен халқының ұлттық көшбасшысы, Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов пен Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовке жылы лебізін жеткізді.
Кездесуде сауда-экономикалық және көлік-транзиттік ынтымақтастық, сондай-ақ энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы өзара сауда көлемі $125,3 млн-ды құрады. Бұл ретте экспорт қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді ұлғайту есебінен 15%-ға өсті. Қазақстан Үкіметі мен Түрікменстан Министрлер кабинеті екі мемлекет басшылары жүктеген тауар айналымын арттыру жөніндегі міндеттер жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны атап өтілді.
ТМД ҮБК отырысына Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан үкіметтерінің басшылары, Түрікменстан мен Арменияның өкілдері, сондай-ақ ТМД-ның Бас хатшысы қатысты.
Дәстүр бойынша отырыс шағын және кеңейтілген құрамда өтті.
Шағын форматтағы отырыста ТМД-ға мүше елдердің экономикалық өзара іс-қимылына қатысты өзекті мәселелер талқыланды, онда геодезия, картография, кеңістіктегі деректер саласындағы ынтымақтастық бойынша мемлекетаралық бағдарламаны жүзеге асыру барысы туралы есеп қабылданды. Кеңейтілген құрамдағы отырыс шеңберінде үкіметтік делегация басшылары ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің тау-кен металлургия кешені салаларын цифрлық трансформациялау тұжырымдамасының жобасын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын, ТМД-ның 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған конгресстік-көрме қызметінің стратегиясын қарады.
Шағын құрамдағы отырыста сөз сөйлеген Олжас Бектенов Қазақстан жаңа Конституцияның қабылдау арқылы өз дамуындағы жаңа тарихи кезеңге кіргенін және экономиканы орнықты дамытуға бағыт түзегенін атап өтті. Осыған байланысты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы өзара іс-қимылға қатысты мәселелер қозғалды. Оның ішінде экономика, цифрлық трансформация және жасанды интеллект, агроөнеркәсіп кешені, транзиттік және логистикалық инфрақұрылым, су қауіпсіздігі, сондай-ақ еріктілер қозғалысын дамыту бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ТМД елдерімен тауар айналымы $38,4 млрд құрады. 2026 жылғы қаңтар-наурызда өзара сауда көлемі 17,1%-ға өсті.
ҚР Премьер-министрі ТМД тау-кен металлургия кешені салаларын цифрлық трансформациялау тұжырымдамасын қабылдау және жүзеге асыру өнеркәсіпті жаңғыртуға әрі технологиялық ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін беретінін атап өтті. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ТМД-ның негізгі көлік артерияларын ұштастыру тұжырымдамасы жүктерді жедел тасымалдау үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды қамтамасыз етеді. Бұл көлік шығындарын қысқартады және көлік маршруттарының бәсекеге қабілеттілігін, олардың халықаралық жүк жөнелтушілер мен инвесторлар үшін тартымдылығын арттырады, сондай-ақ ТМД-ға мүше елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуы мүддесінде көлік дәліздерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Отырыс қорытындысы бойынша ТМД елдерінің тау-кен металлургия кешені, көлік, радионавигация салаларын цифрлық трансформациялау, уран өндіру өндірістерінің әсеріне ұшыраған аумақтарды рекультивациялау, конгресс-көрме қызметі және тағы да басқа салалардағы ынтымақтастығына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды.
Бұдан бөлек, 2027 жылы Минск қаласын (Беларусь Республикасы), 2028 жылы – Қарағанды қаласын (Қазақстан Республикасы) ТМД жастарының астанасы деп жариялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық жоба азаматтардың жас буынын мемлекетаралық қатынастардың барлық салаларында орнықты даму бағдарламаларын жүзеге асыруға тартуға бағытталған.
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің келесі отырысы осы жылдың желтоқсан айында Мәскеу қаласында өтеді.

