Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес «Таза Қазақстан» бағдарламасын ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингі әзірленді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Әкімдердің жұмысын бағалау барысында ауданда ұйымдастырылған сенбіліктің тұрғындардың қатысуы, сенбілікке тартылған техника саны, Полиция департаменті тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау, «Birge – taza Qazaqstan!» ақпараттық жүйесіне түскен өтінімдер бойынша кері байланыс орнату, тұрғын үйлердің және кәсіпкерлік нысандарының іргелес аумақтарының тазалығына мониторинг жүргізу сияқты критерийлер басшылыққа алынды. Бағдарламаны ұйымдастыру бойынша аудан, қала әкімдерінің рейтингісі туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аппарат жиынында баяндады.
Дархан Сатыбалды қоқыс үйінділері жиі пайда болатын аумақтарға жергілікті полиция күштерін тарта отырып, рейдтік жұмыстарын жүргізуді, қоқыс тастамау жөнінде белгілер орнатуды және үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында жұмыстар облыс көлемінде күнделікті өткізілуде. Нақтырақ атқанда, қазіргі таңда облыста жалпы 712 ауқымды сенбілік өткізілді. Аудан мен қалаларға кіреберіс аумақтарын реттеу, тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 26 мыңға жуық хаттама толтырылып 305,7 млн теңгеге айыппұл салынды. Абаттандыру қағидасына сәйкес іргелес жатқан аумақтың тазалығы бойынша 60 902 жеке тұрғын үй мен 29 954 кәсіпкерлік объектісіне мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде, 1 381 ескерту беріліп және 647 айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, көппәтерлі 120 тұрғын үйдің сыртқы келбеттерін ретке келтіріліп жаиыр. Оның ішінде, 81 тұрғын үйдің сыртқы келбеті ретке келтірілді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толық аяқталады. Қазіргі уақытта елді мекендерді көгалдандыру бойынша 467 535 түп ағаш отырғызылатын орындар белгіленіп, тиісті жұмыс жүргізілуде.
Айта кетейік, қазан айындағы көрсеткіштер бойынша бағдарламаны ұйымдастыруда Түркістан облысы елімізде ең үздік деп танылды.