Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды

Олжас Бектенов жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырды

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын іске асыру шаралары жөніндегі Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың басты өндірістік қуаты – кәсібін жетік меңгерген мамандар екенін атап өтті.  Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзыреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Экономикаға мыңдаған білікті жұмысшы қажет екені атап өтілді. Сонымен қатар жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болады. Сондықтан болашақтағы дағдылар мен құзыреттерді болжау үшін әкімдіктерге кәсіптердің өңірлік атласын жасау тапсырылды. 

Жастардың жұмысшы мамандығын саналы түрде таңдауы үшін кәсіптік бағдар беру ісінде жаңа тәсілдерді жүзеге асыру керек. Болашақ маман өзінің кәсібтік перспективаларын көріп отыруы үшін мектептер, колледждер, кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл моделін құру қажет. Бұл бағытта Оқу-ағарту министрлігіне техникалық және кәсіптік білім беру саласына сапалы өзгерістер енгізу тапсырылды. Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан колледждерде оқытуды қаржыландыру 2 есе ұлғайтылды. Халықаралық талаптарға сай жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігімен бірге құзыреттер орталығын құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар бизнес, жұмыс берушілер, инвесторлар тарапынан да тиісті шаралар қабылдануы қажет екені айтылды. Бұл бағыттағы жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры белсенді жүргізуі тиіс.

«Жұмысшы кадрларды әлеуметтік қолдаудың үздік корпоративтік тәжірибесін кеңінен таратып, жаңа ынталандыру шараларын енгізу керек. Өнеркәсіп, Энергетика, Көлік, Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және Отбасы банкімен бірлесіп, жұмысшы кадрлар үшін ипотекалық және жалға берілетін тұрғын үйдің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», — деді Үкімет отырысында Олжас Бектенов. 

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Премьер-министр мүдделі мемлекеттік органдар, әкімдіктер, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі салалық және өңірлік жоспарлардың сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс. 

Үкімет Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайды, деп атап өтті Олжас Бектенов.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Таза Қазақстан» акциясын іске асыру мәселелері бойынша кеңес өткізді, онда 2024 жылы оның орындалу...

Президент кездесу барысында Дархан Сатыбалдының Түркістан облысында атқарған жұмысына жоғары баға берді, деп хабарлайды No-comment.kz - Ақордаға сілтеме...