Түркістан қаласында 23-25 сәуір күндері аралығында «ASPARA FASHION WEEK» жобасының 15-мерейтойлық маусымы өтеді. 2017 жылдан бері дәстүрлі түрлі өткізіліп келе жатқан бағдарлама әлемдік сән индустриясында өзіндік орнын қалыптастырып, дүниежүзілік сән апталықтарының ресми күнтізбесіне енген. Бұған дейінгі 14-маусым кезінде 55-тен астам елдің 700-ден астам дизайнері қатысып, Қазақстанды, оның бай мәдениетін, дәстүрін және туризм әлеуетін жақыннан тануға мүмкіндік алған. Бұл жайында «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасының президенті Айдархан Қалиев БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Бүгінде бұл жоба жаһандық деңгейдегі 20-дан астам ірі сән апталықтарымен серіктестік орнатқан. «ASPARA FASHION WEEK» туралы әлемнің жетекші сән басылымдарында жазылды. Олардың қатарында америкалық «FNL Network» телеарнасы, «ELLE» журналы, «MERCURYʼS», «Gazzetta Italia», «Fashion Collection», «Business Emirates», «DFashion magazine», «ZOOM» секілді әйгілі басылым беттері бар»- деді жоба жетекшісі.
Түркістанда өтетін сән көрсетіліміне әлемнің 10 елінен 40-тан астам дизайнер қатысады. Оның 70%-ға жуығы қазақстандық жас сәнгерлер. Жоба жетекшісі осындай көрмелер арқылы әлемдік сән өнерінің үздіктерімен тәжірибе алмасып, біліктілігін арттыруға мүмкіндік сыйлауға ниетті екенін жеткізді.
«Түркістан - көне тарих пен дәстүрдің ұштасқан орны. Мұнда өте дәмді ас, қонақжай адамдар, әдемі қала бар екен. Біз осы жоба арқылы Түркістандай қаланы көргенімізге қуаныштымыз»- деді итальяндық «MadMood FASHION WEEK Milano» халықаралық жобасының президенті Марианна Мичелли.
Айта кетейік, «ASPARA FASHION WEEK» халықаралық жобасы Түркістан қаласының Дүниежізілік «Қолөнершілер қаласы» статусын алуы аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл мәртебе киелі шаһарға биыл берілген болатын.