Түркістан: Сарыағаштық жас ұстаз кітап оқуға арналған «Оян, қазақ» жобасын іске асырды

Түркістан: Сарыағаштық жас ұстаз кітап оқуға арналған «Оян, қазақ» жобасын іске асырды

Сарыағаш аудандық білім бөліміне қарасты №74 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Дәуренбек Нұрқұлов оқушыларға арналған сайт ашты. «Оян, қазақ» деп аталатын жоба бүгінгінің білімпаз балаларын оқуға баулу, білімге құштар ету мақсатында қолға алынған.

Сарыағаштық жас ұстаз «Оян, қазақ» жобасының тиімділігін аудандық «Дарынды оқушыларға – талантты ұстаз» байқауында қорғап, іс-жүзінде дәлелдеп шықты. Оның айтуынша, оқушылар білім ошағындағы академиялық жетістіктерін кітап оқумен байланыстырса, жан-жақты дамып, ізденіске ден қоймақ.

Жобаның мақсаты – оқушылардың оқу мәдениетінің деңгейін және олардың оқу белсенділігінің өсуін арттыру, жас ұрпақ бойында азаматтық, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, оқушылар, педаогогтар және ата-аналар арасында оқуды танымал ету үшін жағдай жасайды.

Кітапқұмар оқушыларға арналған әлеуметтік сайт 7 қосымша беттен тұрады. Олар: басты бет, жаңалықтар, Kitap Fest, E-кітап, аудио кітапхана, үздіктер тақтасы, жобаның авторы, кері байланыс.

Қазіргі таңда кітап оқуға үндейтін сайтты 150-ден аса аудан оқушылары пайдалануда. Жобада 200-ден аса кітап қоры жинақталған. Оның ішінде оқушыларға арналған танымдық кітаптар, қазақ қаламгерлерінің әдеби шығармалары, әлем әдебиеті мен бестселлер оқулықтар топтастырылған.

«Кітап оқу жобалары білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Олар жастардың интеллектуалдық және рухани дамуына ықпал етіп, оларды білімге, ғылымға, мәдениетке баулуға мүмкіндік береді. Сондықтан да осындай жобаларды дамыту және қолдау қоғамның болашағы үшін маңызды деп ойлаймын», - дейді Дәуренбек Миатұлы.

Кітап оқу жобасы — бұл тек қана оқушыларды кітап оқуға баулу емес, сонымен қатар олардың өз ойларын еркін жеткізу, талдау, сын тұрғысынан ойлау қабілеттерін дамытуға ықпал ететін маңызды жұмыс. Мұндай жобалар арқылы оқушылар түрлі тақырыптарға арналған кітаптарды оқып, оларды талқылау, өз көзқарастарын білдіру мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде олардың сөйлеу және ойлау дағдыларын жетілдіреді. Ғаламторды өз деңгейінде оқушыларға жақсы жағынан пайдалы ақпаратты ала білуге үйрету. Сонымен қатар, кітап оқу жобасы ғылыми-зерттеу жұмыстармен айналысуына, өз бетімен білім алуға деген қызығушылығын оятуға мүмкіндік береді. Кітапты немесе белгілі бір шығарманы ұжымдық талқылау жаңа идеялар мен шешімдер табуға мүмкіндік береді.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ