Биыл Түркістанда жаңа 5 спорт кешені пайдалануға беріледі

Биыл Түркістанда жаңа 5 спорт кешені пайдалануға беріледі

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағындағы маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралап, ондағы құрылыс және абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты.

Аралау барысында М.Мақатаев көшесінде орналасқан жаңа спорт кешенінің құрылыс барысын арнайы барып көрді.

Қазіргі таңда нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Түркістан қаласы әкімдігінің Құрылыс бөлімінің тапсырысы негізінде бой көтеріп жатқан спорт кешенінің авторлық қадағалауын – «Сәулет-2050» ЖШС, ал техникалық қадағалауын – «ROYAL COMPANY» ЖШС жүзеге асыруда.

Спорт кешенінің жалпы құрылыс алаңы – 826 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстары шілде айында аяқталып, тамыз-қыркүйек айларында толық пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс барысымен танысу барысында мердігер мекемеге бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Сондықтан спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы әрбір жоба – тек құрылыс нысаны ғана емес, болашақ ұрпақтың денсаулығына жасалған инвестиция деп қарауымыз керек», – деді қала басшысы.

Сонымен қатар, Әзімбек Пазылбекұлы нысан құрылысын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Құрылыс барысында барлық қауіпсіздік талаптары мен техникалық нормалардың қатаң сақталуы тиіс екенін де ерекше атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі таңда қаламызда 5 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Оның екеуі шілде айында пайдалануға берілсе, қалған үшеуінің құрылысы эыл соңына дейін толық аяқталады деп жоспарлануда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ