Түркістан облысында халықты таза ауыз су, табиғи газ және сапалы электр қуатымен қамту бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл бастамалар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін барлық елді мекендерді 100% ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатыр. Облыс әкімдігі тарапынан бұл стратегиялық бағыттарға ерекше назар аударылуда.
2024 жылы облыс аумағында 63 ауыз су нысанының құрылысына бюджеттен қаржы бөлінді. Оның ішінде 30 елді мекеннің су жүйесін биылғы жылы толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Бұл нысандар негізінен Келес (13 елді мекен), Сарыағаш (9), Ордабасы (3), Отырар және Бәйдібек (әрқайсысы 2), Қазығұрт (1) аудандарын қамтиды.
Аталған мәселелер облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен өткен мониторингтік штаб отырысында талқыланды. Жиында мердігер ұйымдардың жұмысына баға беріліп, кешігіп жатқан немесе сапасыз орындалып жатқан құрылыс нысандарына қатысты қатаң ескертулер жасалды.
– Жұмысты сапасыз немесе мерзімінен кеш атқарсаңыздар, мердігерді ауыстырамыз. Қаржы да бөлініп жатыр, қолдау да көрсетілуде. Енді нәтиже қажет. Әр нысанға жеке жауапкершілікпен қарап, техникалық бақылауды күшейтіңіздер, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев баяндама жасап, әр бағыт бойынша жобалардың орындалу барысын таныстырды. Кемшіліктерге жол берген жауапты тұлғалар жеке атап көрсетіліп, жұмыс қарқынын арттыру туралы нақты тапсырмалар берілді.
Облыста табиғи газбен қамту бағытында 64 жоба жүзеге асырылуда. Оның 38 жобасы жыл соңына дейін аяқталып, 34 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланған. Қалған 26 жоба келесі жылға өтпелі болып отыр. Жоспарға сәйкес, 2024 жылдың соңына дейін 84 мыңға жуық тұрғын газбен қамтамасыз етілмек. Бұл көрсеткіш орындалған жағдайда, облыста газдандырылған елді мекендер саны 608-ге жетіп, 89,4% халық табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болады. Жалпы, 2027 жылға дейін бұл көрсеткішті 765 елді мекенге дейін жеткізу жоспарланған.
Электр энергиясымен қамту бағытында да ілгерілеу байқалады. Биыл 45 нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 23-і жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Бұл жұмыстар нәтижесінде 28,2 мың тұрғын сапалы электр қуатына қол жеткізеді. Қазіргі уақытта 18 нысанның құрылыс жұмысы 90% аяқталған. Сонымен қатар Төлеби ауданындағы «Алатау» және Жетісай ауданындағы «Жетісай» қосалқы станцияларының құрылысы аяқталып, іске қосылмақ.
Инфрақұрылым саласының барлық бағыттары бойынша облыс әкімдігі тарапынан күнделікті мониторинг жүргізілуде. Жауапты басқармалар мен техникалық қадағалаушылардың қатысуымен жобалардың сапасы мен мерзімі қатаң бақылауға алынған.
Бұл бастамалар Түркістан облысының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартып, елді мекендердегі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар екенін көрсетеді.