Түркістанда көгалдандыру жұмыстары күшейіп, суару жүйесі жаңғыртылуда

Түркістанда көгалдандыру жұмыстары күшейіп, суару жүйесі жаңғыртылуда

Түркістан облысында жасыл желекті аймақтарды көбейту және қоршаған ортаны жақсарту мақсатындағы жұмыстар күн тәртібінде тұр. Бұл бағытта өңір басшылығы тарапынан жүйелі бақылау орнатылып, көктемгі отырғызылған көшеттерді күтіп-баптау, суару жүйесін жетілдіру секілді нақты істер жүзеге асуда.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жұмыс күнін қала маңындағы жасыл алқаптарды аралаудан бастады. Әсіресе, жаңа әуежай бағыты бойынша жол бойына көктемде отырғызылған 8 мыңға жуық көшеттің күтімі басты назарға алынды.

Аталған учаскеде тамшылатып суару жүйесі бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, істен шыққан жүйелерді ауыстыру қолға алынған. Құбырларды реттеу, арықтарды тазалау, сорғы қондырғыларының жұмысына тексеріс жүргізіліп, бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысы бағаланды. Жауапты мамандардың жұмысы сараланып, нақты ескертулер мен тапсырмалар берілді.

Қазіргі таңда 11 шақырымға созылған жасыл белдеу арнайы 7 сорғы арқылы суғарылады. Бұл желілер толық жұмыс істеуі үшін қосымша 5 трактор бөлінген. Олар жас көшеттердің топырағын жұмсартып, қосымша су жеткізу, тыңайту жұмыстарын атқаруда.

Өндірістік парк маңындағы жасыл желектер де назардан тыс қалған жоқ. Бұл аумақтағы ағаштар кезекші су тасушы көлікпен қамтылып, кесте бойынша суғарылып жатыр. Әсіресе жазғы ыстықта жас өсімдіктердің тіршілігін қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде бақылау орнатылған.

Жаңа әуежай бағыты бойындағы көшеттерді суару мәселесін түбегейлі шешу мақсатында, учаскенің шығыс-солтүстік бөлігінде жасанды тоған қазылып, оған суды жинайтын арнайы резервуар (бассейн) орнатылған. Мұнда жиналған су үш орталық сорғы қондырғысы арқылы көшеттерге дейін жеткізіліп, тамшылатып суару жүйесіне қосылған. Бұл тәсіл суды үнемдеуге, тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Нұрбол Тұрашбеков жасыл желектерді күтіп-баптаудың маңыздылығын айта келе, жаз мезгіліне арналған суару кестесін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар, ауа райының өзгеруіне байланысты суғару уақытын қайта қарастыру қажеттігін де ескертті. Таңертеңгі және кешкі салқын мезгілде суару өсімдіктер үшін тиімдірек болатынын атап өтті.

Жасыл аймақтар — Түркістан қаласының экологиялық тұрақтылығы мен тартымдылығын арттыратын маңызды факторлардың бірі. Сондықтан облыс әкімдігі бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп, көшеттерді сақтап қалу мен дамытуды басты міндет ретінде қарастыруда. Көгалдандыру ісі тек көркейту ғана емес, табиғатпен үндес өмір салтын қалыптастырудың негізі болмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек Қостанай облысына жұмыс сапары барысында іске асырылып жатқан маңызды жоба - KIA маркалы автомобиль...