Шымкент қаласында 400 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі қайтарымсыз гранттарға ие болған азаматтарға арнайы ақпараттық кездесу ұйымдастырылды. Еңбек мобильділігі орталығы өткізген жиынға қаладағы жауапты мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.
Биыл 134 шымкенттік тұрғынның бизнес-жобасы комиссия тарапынан мақұлданып, әрқайсысына 1 572 800 теңге көлемінде грант тағайындалды. Қаржы грант иелерінің арнайы кәсіпкерлік шоттарына толық көлемде аударылып, жобаларды іске асыру жұмыстары басталып кетті.
Жиын барысында Еңбек мобильділігі орталығы директорының міндетін уақытша атқарушы Бекболат Алиханов қайтарымсыз қаржыны тиімді әрі заңға сай пайдалану міндетін еске салды.
– Қайтарымсыз грант – кәсіп ашуға жасалған үлкен мүмкіндік. Алайда бұл қаржыны жеке қажетке жұмсауға болмайды. Әрбір жоба иесі өз өтінімінде көрсеткен мақсатқа сай жұмыс істеуі керек. Тек бизнес-жобада көрсетілген құрал-жабдықтар мен материалдар ғана сатып алынуы тиіс. Сатып алу барысында берілетін барлық түбіртектерде фискальді QR-код болуы шарт. Бұл қаржының мақсатты пайдаланылғанын бақылауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сондай-ақ, жиынға қатысқан салалық мекеме өкілдері грантты пайдалану барысында туындайтын заңдық және қаржылық сұрақтарға жауап беріп, мемлекеттік қолдау тетіктері туралы жан-жақты түсіндірме берді. Атап айтқанда, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мамандары шағын бизнесті қолдау бағытындағы бағдарламалар туралы баяндаса, ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мал және егін шаруашылығы саласындағы талаптармен таныстырды.
Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілі жеке кәсіпкер ретінде тіркелудің тәртібі, салық төлеу, міндетті зейнетақы жарналарын аудару және декларация тапсыру жөніндегі міндеттемелерге тоқталды. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалының өкілдері кәсібін жаңадан бастаған азаматтарға көрсетілетін тегін консалтингтік және оқу қызметтері, онлайн платформадағы қолжетімді мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді.
Жоба бағыттары бойынша статистикаға тоқталсақ, 134 гранттың 50-і қызмет көрсету саласына тиесілі. Сонымен қатар, өндіріс – 39, тігін – 15, наубайхана және кондитерлік өнімдер – 14, жартылай дайын өнімдер – 9, мал және құс шаруашылығы – 2, жиһаз өндірісі – 1 жоба болып бекітілді. Тағы 4 жоба фаст-фуд, сусындар және шұжық өнімдері секілді өзге бағыттарда жүзеге асырылады.
Бұл ақпараттық жиын грант иегерлеріне бизнесті заң аясында жүргізіп, есептілікті уақтылы тапсырудың маңыздылығын еске салды. Алдағы уақытта мұндай кездесулер әр кезең сайын жалғасын таппақ. Мақсат – мемлекеттік қолдауды тиімді пайдалануға үйретіп, жаңа кәсіп иелерінің тұрақты нарық ойыншысына айналуына жол ашу.