Қауіпсіз еңбек – өндірістік мәдениеттің ажырамас бөлігі. Шымкент қаласында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қолға алынып келеді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен өндірістік мекемелер арасындағы өзара іс-қимыл – жұмыс орындарында жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған маңызды механизмдердің бірі.
2024 жылғы мәліметтерге сәйкес, Шымкенттегі өндірістік жарақаттар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 15%-ға төмендеген. Бұл – қауіпсіздік техникасына басымдық беріліп жатқанын көрсететін оң көрсеткіш. Қала бойынша еңбек қауіпсіздігін сақтау мен бақылау мақсатында 2 мыңнан астам тексеріс жүргізіліп, 500-ден астам еңбек шарты мен қауіпсіздік регламенттеріне сәйкессіздік анықталған. Бұл заңбұзушылықтар бойынша 78 мекемеге ескерту беріліп, кейбіріне айыппұлдар да салынды.
Кәсіпорындарда арнайы оқыту курстары мен нұсқамалық тренингтер тұрақты түрде өткізіледі. Әсіресе, құрылыс, металл өңдеу және жеңіл өнеркәсіп салаларында еңбек қауіпсіздігі бойынша мамандардың біліктілігін арттыру шаралары жолға қойылған. Оған қоса, еңбек қорғау жүйесін цифрландыру жұмыстары да басталып, мекемелерде тәуекелдер картасы мен қауіпсіздік бақылау жүйелері енгізілуде.
Қаланың кейбір кәсіпорындарында профилактикалық іс-шаралар өтіп тұрады. Бұл – тек формалды шара емес, жұмысшылардың еңбек мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай іс-шаралар жұмыс беруші мен қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, ұжым ішінде қауіпсіздікке деген көзқарасты өзгертуге ықпал етеді.
Қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыруда жұмыс берушілермен қатар, жұмыскерлердің де рөлі зор. Әрбір маман өз жұмыс орнына жауапкершілікпен қарап, белгіленген ережелер мен қауіпсіздік талаптарын бұлжытпай орындауы қажет. Себебі, еңбек қауіпсіздігі – тек техникалық талап емес, адам өмірінің кепілі.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласы өндірістік қауіпсіздік саласында оң динамика көрсетіп отыр. Алдағы уақытта цифрландыру мен қоғамдық бақылауды кеңейту арқылы еңбек жағдайын жақсарту және өндірістік жарақаттарды нөлдік деңгейге дейін төмендету мақсаты қойылып отыр. Бұл бағытта «Еңбек адамы жылы» аясында да ауқымды шаралар жоспарланған. Ең бастысы – әрбір азаматтың амандығы мен еңбекке деген сенімділігін қамтамасыз ету.