Сайлау қарсаңындағы үгіт-насихат жұмыстары білім ошақтарында жалғасты. Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының депутаттығынан үміткерлер қаладағы «Жас дарын-3» бастауыш мектебінде болды.
Шымкент қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар Жанар Бектаева, Жанар Тойлыбаева, Ерхан Нұрсеитов, Арман Оспанов және Абай аудандық партия филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев ұстаздар қауымымен еркін әңгімелесіп, ой-пікірлерін тыңдады. Кездесуде жас ұрпаққа тәрбие беру, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жетістіктер сөз болды.
– «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында білім беру мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Бұған дейін де атқарылған жұмыс аз емес. Мысалы, 2021-2022 жылдары Шымкентте 68 мектеп салынып, 9 білім беру ұйымы күрделі жөнделді. Ал алдағы уақытта 50 мектеп салынады және 25 білім беру ұйымына күрделі жөндеу жүргізіледі деп жоспарлануда, – деді Жанар Әлібекқызы.
Партияның Шымкент қаласы бойынша филиалының Атқарушы хатшысының пікірінше, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың біліктілігі маңызды рөл атқарады. Партия осы бағытта кешенді жоспарларды жүзеге асыруға күш салмақ.
– Бүгінгі таңда мектептерде орын тапшылығы 23,3 мың орынды құрайды, қалада үш ауысымды 4 мектеп бар. Осыған орай, біз партия атынан мектеп тапшылығын жою мақсатында алдағы бюджетте 25 мектеп салу үшін қажет қаражат бөлінуіне ықпал жасаймыз, білім нысандарын уақтылы пайдалануға беруге және құрылыс сапасына партиялық бақылау орнатамыз, – деді Жанар Бектаева.
Бастауыш мектептің ұжымы кандидаттарға өз өтініш-тілектерін жеткізсе, үміткерлер ұстаздарды сайлауда белсенді болуға шақырды.
Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.