Осы аптада сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Арнайы құрылған штаб мүшелері, Парламент Мәжілісіне, облыстық мәслихатқа кандидат депутаттар бүгінгі күнге дейін өңірдегі мекемелерге, кәсіпорындарға, сауда орындарына, түрлі қоғамдық ортаға барып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Соның бірі «Каспий»-АК ЖШС мекемесінің ұжымымен кездесу.
Бүгінгі экспромт кездесуге «Amanat» партиясы республикалық сайлауалды штабының мүшесі, қоғам қайраткері, Маңғыстаудың "Құрметті азаматы" Өмірзақ Озғанбаев, облыстық мәслихат депутаттығына кандидаттар Жанболат Сұлтанұлы, Раушан Аймырзаева, Аружан Шайденова, Бердіқожа Оңдасынұлы арнайы барды. Олар аталған мекеме қызметкерлеріне Маңғыстау облысы бойынша «Amanat» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасының маңызын түсіндірді.
-Әрине, соңғы жылдары еліміздегі сайлаудың мәні, мазмұны өзгеріп кетуіне байланысты халықтың арасында «Мен бармасам да сол сайлау өтеді ғой» деген сынды теріс түсінік қалыптасты. Бірақ бұл жолғы сайлаудың форматы жаңаша. Қоғамның барлық саласы қамтылып, кез-келген адам өзін маңызды тұлға ретінде көруге мүмкіндік беріліп отыр. Қолымыздағы бағдарламада айтылған маңызды қадамдар сөз жүзінде емес, іспен дәлелденетін дәрежеде болатынына сенімдімін. Сондықтан барлық тұрғынды осы сайлауға бей-жай қарамай, дауыс беруге шақырамын. Себебі, әр адамның дауысы біз үшін маңызды,-деді Өмірзақ Озғанбаев.
Жиында өзге де мәселелер қозғалды. Облыста автобус паркін жаңарту мәселесі де өзекті. Ол туралы облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Раушан Аймырзаева айтып өтті.
-Біз барлық қазақстандықтардың мүдделерін қорғайтын партия ретінде әлеуметтік бағдарланған саясатты одан әрі іске асыруға дайынбыз. Бүгінде облыста жолаушылар көлігінің тозуы 60%-дан асады. Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін партия 2027 жылға дейін қала маңындағы аумақтардың автобус паркін жаңарту үшін 50 қоғамдық көлік сатып алуға, сонымен қатар жаңа және 9 жұмыс істеп тұрған қалалық, ауданаралық маршруттарды субсидиялауға мүмкіндік береді,-деді ол.
Сондай-ақ кездесуге қатысқан ұжым қоғамдағы аналар мәселесін, жастардың жұмыссыздық мәселесін алға тартып, партия мүшелерінен шешу жолдарына көңіл бөлуді сұрады.
Тапсырыс беруші: Н.Қарасаев.
Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.