Шымкенттік оқушылар соңғы үш жылда республикалық пән олимпиадаларында топ жарып, жеңіспен оралуда. Білім саласындағы осындай озық көрсеткіштердің нәтижесінде биыл алғаш рет республикалық олимпиада алаңы Шымкенттен таңдалып отыр.
Республикалық жарыс екі кезең бойынша 20-25 наурыз және 3-8 сәуір аралығында М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің базасында өтеді. Еліміздің барлық өңірінен 2 мыңға жуық оқушы қатысады деп жоспарлануда. Білім додасында жергілікті білім ұйымдарынан 90 оқушы бағын сынайды.
Бүгінде Шымкент мектептері толық қауіпсіздендірілген. Қаладағы 246 мектеп ғимаратының кіреберістеріне адамның бет-әлпетін танитын турникеттер орнатылған.
Тиісті талаптарға сәйкестендірілген бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар, білім нысандарының барлығы да І-дәрежелі мамандандырылған күзет мекемелерімен келісім-шарт аясында жұмыс істейді.
Білім беру мекемелерінің бірінші басшылары мен қызметкерлері терроризмге қарсы іс-қимылдарды меңгеру үшін арнайы оқу курстарынан өткізілді.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ Басқарма Төрағасы Маулен Айманбетов пен тиісті сала басшылырының қатысуымен өткен жиында мектеп құрылысы үшін жер телімдерін ресімдеу, инженерлік желілерді жобалау, құрылыс компанияларына қойылатын біліктілік талаптары пысықталды. Сондай-ақ, отырыста ұлттық жобаны іске асыруда жергілікті отандық материалдардың пайдаланылуы, оқушылар үшін қауіпсіз орта құру қажеттілігі ерекше атап өтілді.
Шымкент қаласы бойынша орта білім беру нысандарын салу жөнінде Жол картасы жасалады. Ұлттық жоба аясында қалада 25 мектеп салынады, биыл – 12, келесі жылы 13 ғимараттың құрылысы жүргізіледі.
Қазір қалада үш ауысымды 4 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін ғимараттар есебінен бұл мәселе түбегейлі шешіледі.