Туберкулезге қарсы БЦЖ вакцинасы (Кальмет-Герен таяқшасы) ірі қара мал туберкулезінің таяқшасының әлсіреген тірі штаммынан дайындалады. Ол жасанды ортада арнайы өсірілетіндіктен, адамдар үшін қауіпсіз.
Жаңа туылған нәрестелерді өмірінің 2-4-ші күнінде перзентханада БЦЖ вакцинасымен туберкулезге қарсы вакцинация жүргізеді. Және Манту сынамасының теріс нәтижесінен кейін 6 жастағы балаларды қайта вакцинация (БЦЖ ревакцинациялау) жүргізеді. Перинаталдық (перзентхана) орталықта БЦЖ вакцинасымен егілмеген екі айға дейінгі жаңа туған нәрестелер тұрғылықты жері бойынша емханаларда Манту сынамасынсыз егіледі. Сонымен қатар, 14 жасқа дейінгі балалар арасында туберкулезді ерте анықтау және диагностикалау мақсатында Манту сынамасы жүргізіледі.
Аурудың белгілері пайда болған жағдайда тұрғылықты жері бойынша немесе оқу орны бойынша медициналық мекемеге уақтылы хабарласу қажет.
Туберкулезді ерте анықтау сауығудың кепілі.
Туберкулездің алдын алудың ең тиімді және баламасыз әдісі – вакцинация.
ҚР Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сай барлық егулер тегін, егілетін ересек адамның немесе баланың ата-анасы және/немесе заңды өкілі ерікті түрде жазбаша берген келісімімен, арнайы оқып-дайындалған және рұқсат алған медицина қызметкері дені сау кезінде егеді.
Туберкулездің алғашқы белгілері:
- 2 аптадан астам жөтел;
- Дене қызуының көтерілуі;
- Кеудедегі ауырсыну және қысылу;
- Салмақ жоғалту;
- Түнде терлеу;
- Тәбеттің төмендеуі;
- Әлсіздік және қатты шаршау.
Туберкулездің алдын алудың негізгі шаралары:
- Жеке бас гигиенасын сақтау – қолды, ыдысты жуу, жеке ыдыстарды пайдалану, жөтелгенде және түшкіргенде ауызды майлықпен немесе шынтақпен жабу;
- Салауатты өмір салты – жүйелі, белсенді дене жаттығулары және жақсы демалыс;
- Тиімді тамақтану – ет, сүт, балық өнімдерін, көкөністер мен жемістерді жеткілікті мөлшерде пайдалану;
- Жаман әдеттердің алдын алу – темекі шегу, ішімдік, нашақорлық;
- Таза ауада және табиғатта демалып серуендеу;
- Бөлмені мезгіл-мезгіл желдетіп, үйде ылғалды тазалау жұмыстарын жүргізіп, қоршаған ортаны қақырықпен ластанудан қорғау;
- Тіркелген емханада уақытылы Манту сынамасынан, флюорографиялық тексеруден өту және БЦЖ вакцинация мен ревакцинациясымен егілген жөн.