«Ұлы Дала ойындары» жаңа Ипподром аумағындағы этноауылда жалғасуда. Ұлттық нақыштағы шағын ауыл Наурыз мерекесіне арналып дайындалған.
Мұнда 200-ге жуық киіз үй тігіліп, алтыбақандар орнатылды. Ауқымды түрде ұйымдастырылған шараға келушілер де көп. Күн райына қарамастан, тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі.
Қала тұрғындары мен қонақтары спорттың 9 түрінен өтіп жатқан аламан жарыстан бөлек ұлттық нақыштағы көрмелер мен түрлі шеберлік сағаттарын тамашалауда.
Ұлттық ойындар дегенде ойға көкпар, қыз қуу мен асық ойындарын сөз ететініміз белгілі. Шынтуайтына келгенде ұлттық ойын фольклорының ауқымы әлдеқайда кең, әрі көп тақырыпты қамтиды. Бұлай деп отырған себебіміз, халқымыздың сан ғасырлық өмір тәжірибесі мен таным-түсінігі көрініс тапқан қаншама ойын үлгілері бар. Мәселен, халқымыздың ойының ұшқырлығын, қиялының кеңдігін, логикасының мықтылығын көрсететін қазақтың байырғы қара есептерін ерекше атап өтуге болады. Одан бөлек рәсімдік ойындар да ұлттық болмысымызды аңғартады. Осының барлығын ескеріп, жинақта ойын үлгілері рәсімдік ойындар, ұлттық спорт ойындары, ойын-сауық ойындары, балалар ойындары, интеллектуалдық ойындар деген тарауларға жіктелді. Рәсімдік ойындар бөлімінде көне салттық заңдылықтардың әр алуан сипаты таныстырылса, ойын-сауық ойындарында көңіл көтеруге бағытталған ойын фольклорының үлгілері көрсетіледі. Ойын-сауық ойындарының басты мақсаты – көңіл көтеру ғана емес, жастарды ерлікке, өжеттілікке, батылдық пен шапшаңдыққа баулу екені де ескеріледі.
Балалар ойындары бөлімінде балаларға қатысты өлең жырлар, ойын-сауықтар жан-жақты сарапталады. Балалар ойындары түр сипаты мен жас ерекшелігіне қарай топтастырылып беріледі. Бұл бөлімде ойын-өлеңдердің ерекшелігі мен балалар айтысының сипаты айтылады. Ал интеллектуалдық ойындар тарауында ұлттық құндылықтар арқылы балалардың логикасын дамытуға бағытталған халық арасында ауызша ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тапқан есеп үлгілері берілген.