Төлеби ауданы жұртшылығының мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп, оларды мазалаған сұрақтарына жауап беру бағытындағы аудан әкімінің кездесуі Ленгір қаласында өтті. Аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырылған жиынға аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Лесбек Әуезханұлы Серікбаев төрағалық етті.
Екінші тоқсанның соңғы кездесуінде Лесбек Әуезханұлы аудан орталығында 2023 жылдың алғашқы үш айында атқарылған жұмыстар мен алғашқы кездесу барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын түсіндірді. Атап айтар болсақ,
1. Сәулембаев көшесі асфальтінің тозығы жеткен жерлеріне «Жарық жол» мекемесі тарапынан 2023 жылдың наурыз айында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
2. Қазыбек би көшесіне 2,150 шақырым аяқ жол салуға құны 32,426 млн теңгені құрайтын жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, бюджеттік комиссияға ұсынылып, 2023 жылға қаржы қаралды. Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілетін болады.
Қалған 1 мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
№4 ЖОМ ғимаратында орналасқан «Халықты жұмыспен қамту орталығы» мекемесін басқа жерге көшіру бойынша ғимарат қарастырылуда, қажетті, қолайлы ғимарат табылған соң аталған мәселе шешілетін болады.
Қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екені ақиқат. Кездесу барысында азаматтарды ашық диалогқа шақыруы арқылы оларды толғандырған мәселенің жай-күйімен танысқан Лесбек Әуезханұлы ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін бар екенін ескеріп, жиынның басым бөлігін сұрақ-жауапқа арнады. Еркін форматтағы кездесуде аудан орталығының тұрғындары, ашық-жарқын пікір алмасты.
Әкімдердің халықпен кездесуі – билік пен қоғамның, әсіресе өңірлердегі диалогын орнатуға негізделген кері байланыстың маңызды бағыты екенін ескерсек, кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, қала орталығын көркейту бойынша ой-пікірлерін, ұсыныстарын ортаға салды.
Кездесуге қатысқан аудандық мәслихат аппаратының басшысы Бақыт Кемелов VIII шақырылым депутаттарын таныстырып, мәслихаттың құрылымы мен жанынан құрылған тұрақты комиссия төрағаларын таныстырып, олардың атқаратын қызметтерін әңгімеледі. Аудан аумағындағы өзекті мәселелерді шешу үшін атқарушы билік пен өкілді орган бірлесіп еңбек етуге дайын екендіктерін жеткізді.
Кездесуден кейін Лесбек Әуезханұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жиын барысында хаттама толтырылып, проблемалы мәселелер жүйеленіп, зерделеніп, тиісті құжаттар дайындалып, оларды қаржыландыру үшін мәслихат сессиясына қарауға жіберіледі.