Қалада медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, қызмет сапасын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау ұйымдарына бекітілген талапқа сай әр емханаға 30 мың тұрғыннан бөлінуі тиіс.
Қаладағы 45 емхананың әрқайсысының орташа есеппен қамту көрсеткіші 26 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта жұмыс сапасын арттыру үшін бұл көрсеткішті 24 мың тұрғынға азайту көзделген.
Жоспар бойынша 2025 жылға дейін қалада 6 емхананың қажеттілігі туындайды. Нысандар құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салынады.
Бұл №1 перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтып, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Орталықтың іргетасы Ақжайық шағынауданында қаланады.
Құрсай шағын ауданындағы тәулігіне 450 келушіге арналған емхана құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Мұнда қазір бригадалар жер қазу жұмыстарын жүргізуде. Заманауи талапқа сай жабдықталатын емханада жоспарға сәйкес цифрлық рентген, УДЗ аппараттары, аудиометр, ЛОР комбайн, электроэнцефалограф орнатылады. Мұнда 150 адам жұмыспен қамтылады. Нысан келесі жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, Шымкенттің фармацевтикалық кәсіпорындары былтырғы жылы 58 млрд. теңгенің препаратын өндірді. Бүгінде елімізде шығарылатын дәрілік заттардың жалпы көлеміндегі мегаполис үлесі – 35,7%-ды құрайды. 6 міндет пен 39 іс-шараны іске асыруды қамтитын Жол картасын орындау мақсатында жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы қаладағы 4 репродукция орталығы арқылы іске асырылады. Сонымен қатар алдағы уақытта 200 төсектік перинаталдық орталықты салу жоспарланып отыр.